Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға жемқорлық үшін жаза қатаңдатылды

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға ерекше өкілеттіктер берілген және олардың қылмыс жасауы қоғамдық қауіптің артуымен сипатталады. Осыған орай, олар қатаң жаза алуы тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz.
Мемлекет басшысы қол қойған Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Заңға сәйкес, бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға санкциялар мен құқықтық салдарлар (ҚК 361, 364, 365, 366, 369 және 370-баптары) айтарлықтай күшейтілді.
«Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның қарапайым пара, яғни 50 АЕК-тен кем пара алуы (138 900 теңгеге дейін) бұрынғы редакциядағыдай ауырлығы орташа емес, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары.
Сондықтан, ең алдымен, бұл тұлғалар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады.
Екіншіден, олар үшін жазасын бірден қоныс-колонияларда өтеу мүмкіндігі жойылады.
Пара алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершіліктің қатаңдатылды.
«Азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын түсінуі тиіс және бұл жаңа енгізілім қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеуді қалыптастыруға бағытталған. Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

