
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Дипломатиялық бизнес-клубтың жыл сайынғы кездесуі өтіп, оған қазақстандық іскерлік топтардың және елде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Kaznovosti.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Марғұлан Баймұхан, Алмас Айдаров, «Атамекен» ҰКП және «YPO Kazakhstan» өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Дипломатиялық бизнес-клуб пен Құрметті консулдар қоғамы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, сондай-ақ дипломатиялық корпустың тең төрағасы Мажарстан Қазақстандағы Елшісі Михай Галошфаи тағайындалды.
Клубтың алдағы жылға арналған жұмыс жоспарымен танысқан іс-шараға қатысушылар аталған алаң экономикалық дипломатияны дамытудың және қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік серіктестермен кооперациясының тиімді тетігі болып табылатынына сенім білдірді.

