БастыҚоғам

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Октябрь су жинау орталығында атқарылған жұмыс барысымен танысты

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Октябрь су жинау орталығында атқарылған күрделі жұмыстың барысымен танысты. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

«Сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту бағдарламасының арқасында облыс орталығының Үлбі шағын ауданының 50 мың тұрғыны үздіксіз сапалы сумен қамтамасыз етілді. «Октябрь» су жинау орталығында 1958 жылдан бастап, яғни пайдалануға берілген кезден бері күрделі жөндеу жүргізілмеген еді. Енді орталық толық автоматтандырылып, судың шығынын азайтуға бағытталған индукциялық есептеу құралдары орнатылды. Су жинау құрылғысының өндірістік қуаты тәулігіне 26500 м3 құрайды. Суды залалсыздандыру электролиз қондырғысында өндірілген натрий гипохлоритін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Осы бағыттағы жұмыс Семейдегі сумен қамтамасыз ету және су тарту, сондай-ақ жылу желілері жүйесінде жүргізілуде.

Ертеңнен бастап Есенберлин даңғылынан Алматы тас жолы бағытындағы жаңа автожол ашылады. Жалпы, бұл нысанды толық іске қосу келесі жылға жоспарланған. Мердігерлер тротуарларды, оң жақ бұрылыстарын, асфальттың соңғы қабатын жайып, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстарын аяқтайды.

Облыс орталығында тағы бір жаңа балабақша өз жұмысын бастады. Жеке бизнестің МЖӘ жобаларына қатысу белсенділігі қуантады. Бұл ғимарат көп жылдар бойы бос болды. Ал қазір мұнда әлеуметтік міндеттерімізді шешіп отырған керемет тәлім ошағы бар. Жалпы, Өскеменде тек осы жылы ғана МЖӘ бойынша 4 балабақша пайдалануға берілді. Біздің облыс 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен толық қамтамасыз етеді. 1 жастан 3-ке дейінгі мәселені толық шешу үшін тағы екі жыл қажет.

Өңірде спорт ғимараттарының саны да артып келеді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жүргізілген жөндеу барысын тексердім. Жалпы, өңір бойынша биыл үлкен жұмыс атқарылды. Алтай стадионы қайта жаңғыртылды, Рыпакова орталығы еліміздің ғана емес, Азия құрлығының ең жақсы залдарының біріне айналды. Мен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының басшысы ретінде 2022 жылдың 9-12 ақпан аралығында Өскеменде, сондай-ақ елордада жабық бөлмелерге арналған Азия чемпионатын өткізуді жоспарлап отырғанымызды айтқым келеді».

Айта кетейік, 2021 жылы бұрынғы аудан орталықтары мен үлкен ауылдарда арнайы спорт мектептерінің санын арттыру жоспарда бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button