Қазақстан Елшісінің Чехияның Сыртқы істер министрімен кездесуі өтті

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Томаш Петржичекпен кездесті, деп хабарлайды Kaznovosti.kz ҚР СІМ бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елші чех сыртқы саясат ведомствосының басшысын Қазақстанда жүеге асырылып келе жатқан саяси реформалар, экономикалық даму бағдарламалары, сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілетті органдардың сайлауына дайындық туралы хабардар етті. Чех тарапына Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірілді.
Өз кезегінде Т. Петржичек Қазақстан Чехияның жақын және сенімді серіктесі, сондай-ақ қуат көздерінің ең ірі жеткізушілердің бірі болып табылатынын баса айтты. Ол парламентаралық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағыттары бойынша екі елдің ілгерімелі ықпалдастығын атап өтті. Сондай-ақ тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылады. Чех компаниялары инвестициялау және келешегі мол бағыттарда бірлескен кәсіпорындар құру арқылы қазақстандық нарықта белсенділіктерін арттыруға шақырылды.
Тараптар коронавирус пандемиясы еңсерілген соң екі ел ынтымақтастықтың бүкіл спектрі бойынша өзара әрекеттесуді қайтадан күшейтетініне сенім білдірді.
