БастыҚоғам

Азаматтар бюджеттің жұмсалуы барысынан хабардар бола алады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» негізінде «Ашық бюджет» жобасын іске асыруда, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

Оның миссиясы – азаматтардың бюджеттерді қалыптастыру мен жұмсау барысында хабардар болуын және осы жұмыстарға белсенді тартылуын арттыру, сондай-ақ өз қаржысын сауатты бөлу арқылы мемлекетті басқару ісіне азаматтық қатысуға жәрдемдесу.

Агенттік алаңындағы брифинг барысында Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы: «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» (publicbudget.kz) мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығын күшейту құралы бола отырып, нақты уақыт режимінде бөлінген бюджет қаражаты туралы мәліметтерді қолжетімді нысанда көрсетеді», – деп атап өтті.

Картада жалпы сомасы 11 трлн теңгеден асатын 18 мыңға жуық мемлекеттік мекеме мен ұйымдардың бюджеттері жарияланған. Осы жылдың қазан айынан бастап Карта Мемлекеттік сатып алу порталымен біріктіріліп, ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдетуге, сондай-ақ тиімді диалогтық тұғырнама құрылды.

Нәтижесінде, 2 айда үнемделген қаражат сомасы 255 млн теңгені құрады. Бұл туралы Агенттіктің аумақтық департаменттерінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында анықталған фактілер бойынша жекелеген кейстермен танысуға болады.

Сондай-ақ, «Ашық бюджет» жобасы шеңберінде бюджеттік ақпарат бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылған сәттен бастап 117-ден астам сарапшының қатысуымен 192 онлайн-кеңес өткізілді.

Агенттік өз тарапынан әрбір өңір тұрғындарын бюджет қаражатын тиімді жұмсауға қатысуға және елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге үлес қосуға шақырады.

Азаматтардың бұл шараларға белсенді қатысуы – мемлекеттік бақылаудың баламасы ретінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде әр тұрғынның нақты қажеттіліктеріне бағытталған жергілікті бюджеттерді бекіту және оңтайлы жұмсау үдерісіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button