Басты

Гарнизондарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама түсіндірілуде

Бүгінде еліміздің барлық гарнизондарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялар жұмыс істеуде. Олардың құзыретінде, құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, заңнамалық жаңалықтарды түсіндіру кіреді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы гарнизонында Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет комиссиясының отырысы ұйымдастырылды. Шара барысында әскери бөлімдер мен мекемелердің баяндамасы тыңдалып, кадрларды іріктеу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, қызметтік этиканы, меритократия қағидаттарын сақтау мәселелері басты назарда болды.

Құқық қорғау органдарымен бірге өңірлерге шығатын комиссия құру туралы шешім қабылданды. Олар әскерге шақыру жүргізіліп жатқан жергілікті әскери басқару органдарына барады.

Ведомствоаралық кеңестің отырысы Ақтау гарнизонының бастығы, гвардия подполковнигі Жаннұр Сатқыновтың төрағалығымен өтті. Оған әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс–қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілдері, «Маңғыстау-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы қатысты.

Кездесуге  қатысқандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы талқылады. Атап айтқанда, сыйлықтарға тыйым салу, жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру кезінде лауазымды тұлғалардың арандатушылық әрекеттері және т.б. үшін жауапкершілігі.

Өскемен гарнизонында Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығымен кездесуде қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланды. «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын ұйымдастыру бойынша талаптар айтылып, әскери бөлім командирлері мен мекеме бастықтарының ұсыныстары, пікірлері және баяндамалары тыңдалды.

Әскерлерде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» жағдайын қалыптастыру үшін мақсатты, жүйелі жұмыс қажет. Бүгінде ол жұмыстар барлық бағыттар бойынша ұйымдастырылуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button