Басты

Энергетика министрі мен облыс әкімі Павлодардың энергетика және мұнай-химия кәсіпорындарын аралады

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов екеуі 1 қарашада Павлодарда екі жылу электр орталығында, Павлодар мұнай-химия зауытында және «Нефтехим LTD» ЖШС-де болды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан алюминийі» АҚ құрамына кіретін 1-ЖЭО-да оларға қаланы электрмен және жылумен жабдықтау туралы айтылды. Станцияның қазіргі электр қуаты – 340 МВт, ал жылу қуаты – сағатына 1074 Гкал. Делегацияға кәсіпорынның әлеуметтік бастамалары туралы да айтылды.

– Біздің жоғары оқу орнымыз – Торайғыров университетінде энергетиктерді даярлайды, олардың көбі бізге жұмысқа орналасады. Барлық жас мамандарды қосымша оқытамыз, оларды барынша қолдауға тырысамыз, – деді 1-ЖЭО бастығы Илья Рожков.

«Павлодарэнерго» АҚ бөлімшесі 3-ЖЭО-да Нұрлан Ноғаев пен Әбілқайыр Сқақовқа негізгі жабдықтарды модернизациялау туралы баяндалды. Мысалы, биылғы жылы энергетиктер №6 турбинаны қайта құрды. ТМД-да теңдесі жоқ жаңа технологиялардың арқасында кәсіпорын ғимараты іргетасының бұзылуына әкелетін вибрациядан құтылды.

– №6 турбинада Қазақстанда алғаш рет жабдықтың жұмысы туралы барлық деректерді онлайн-режимде бірыңғай пультке жіберуге мүмкіндік беретін болжамдау жүйесі орнатылған. Егер қандай да бір көрсеткіш өзгерсе, жүйе құрылғының жөндеуге тиісті уақытын бірден анықтап береді. Бұл модернизация жұмыстарын уақтылы жоспарлауға мүмкіндік береді,- деді «Павлодарэнерго» АҚ басшысы.

Жылу электр орталығынан қалаға жылу беру бүгін штаттық режимде жүріп жатыр. Кәсіпорынның қоймаларындағы көмір қоры 200 мың тоннаны құрайды (норматив бойынша 70 мың тонна).

«Нефтехим LTD» ЖШС базасында энергетика министрі және Павлодар облысының әкімі метилтретбутилэфир және полипропилен өндіру цехтарында болды. Биылғы жылы зауыт полипропилен шығару көлемін 40 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өткен және бұрынғы жылдары бұл көрсеткіш шамамен 33 мың тоннаны құраған болатын. Полипропиленнен биг-бэгтер – көлемі 1 тонналық үлкен қаптар және басқа да ыдыстар өндіріледі.

Павлодар мұнай-химия зауытының аумағында қонақтар орталық басқару пульті мен оқу орталығын аралады. «ПМХЗ» ЖШС өкілдері 2017 жылы өндірісті жаңғыртқаннан кейін кәсіпорында өнім сапасын К-4 және К-5 стандарттарына дейін жақсартып, мұнай өңдеу тереңдігін 76% – дан 87% – ға дейін арттырғанын айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button