Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1,5 п.т. сақтай отырып жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz
Тиісінше өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 7,50% болады.
Ұлттық банк инфляцияның құрамдас бөліктерінің серпінін бақылауда. Азық-түлік инфляциясының құрылымында нарықтардағы ет және нан-тоқаш өнімдері бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауы байқалды. Маңызды импорттық құрамдас бөлігі бар тауарлар тобына бағаның өсуі байқалады. Нан-тоқаш өнімдері мен жармалар бағасының жылдық өсуі 13,4%, ет және ет өнімдері 10,3%, май мен тоң май 9,8%, шай мен кофе 9,4%, алкогольдік ішімдіктер 7,7% құрайды.
Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның серпіні халықтың нақты ақшалай кірісінің төмендеуінен, сондай-ақ карантиндік шараларды сақтау мен сауда объектілерінің жұмысына шектеулерден туындаған төмен тұтынушылық сұраныс аясында салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Карантиндік шараларды жеңілдетуге және нақты сектор кәсіпорындары қызметінің қайта жандануына қарай 2020 жылғы қыркүйекте бензин бағасының жылдық өсу қарқынының 2,7%-ға дейін үдеуі байқалады. Ақылы қызметтер инфляциясын жылдамдатқан негізгі фактор реттелетін коммуналдық қызметтердің 0,7%-ға, атап айтқанда, электр энергиясының 6,6%-ға қымбаттауы болды. Көрсетілетін қызметтер бағасының жалпы өсуіне білім беру және байланыс қызметтерінің тиісінше 3,3%-ке және 2,1%-кеқымбаттауы да ықпал етеді.
COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасына теріс әсері сақталуда, алайда жекелеген секторларда карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне және мемлекеттік қолдауға байланысты жақсару байқалады. Қыркүйекте өңдеу өнеркәсібі (2,9%), ауыл шаруашылығы (5,1%), құрылыс (24,2%), ақпарат және байланыс (7,3%) салалары оң үлес қосты. Саудада наурыздан бері алғаш рет 2,7%-ке өсу тіркелді. ІЖӨ серпініне теріс әсер тигізген негізгі салалар: тау-кен өнеркәсібі (-7,7%) және көлік (-23,1%) салалары.
Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал бір баррель үшін 40$ базалық сценарий шеңберінде қалыптасуда. 2020 жылғы қыркүйекте Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 40$-дан төмен түсіп, кейіннен қалпына келді, бұл әлемде коронавирустың қайта өршуіне, сондай-ақ әлемдік нарықтарда мұнай ұсынысының өсуіне байланысты болды. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша 2020 жылдың соңына дейін және 2021 жылы мұнайға сұраныс қалпына келуді жалғастырады. Ұсыныстың өсуі қалыпты болады және оны негізінен ОПЕК-тен тыс елдер қамтамасыз етеді.