Шығыс Қазақстанда 10 елдің құсбегілері Азия кубогі үшін бақ сынайды
Ертең Шығыс Қазақстан облысында құсбегіліктен «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестивалі басталады

Жыл сайын өтетін дәстүрлі дода биыл 10 елдің саятшыларын жинайды. Бәсеке барысында Бірінші Азия кубогінің жүлделері сарапқа салынады, деп хабарлайды ҚР Құсбегілік Федерациясының баспасөз қызметі.
Жарыс алдындағы алғашқы күн ұйымдастыру жұмыстарына арналады. Қатысушылар бас қосып, мандаттық комиссия отырысы өтеді. Ал негізгі тартыс 9-10 қазанда Ұлан ауданының Бозанбай ауылы маңындағы «Бүркіт төбе» алаңында өрбиді. Бүркіт, қаршыға және ителгі салудан өтетін сайыста құсбегілер шеберліктерін сынға салады.
Биылғы бәсекенің географиясы кең. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Түркия, Испания, Мажарстан, Грузия, Моңғолия және Өзбекстанның құсбегілері Шығыс Қазақстанда бас қосады.
Қазақстандық құсбегілер арасында да бәсеке жоғары болмақ. Ел атынан Астана мен Алматы қалалары және 11 облыстың құсбегілері жарыс жолына шығады. Ақмола, Алматы, Абай, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген саятшылар сынға түседі.
«Шығыс Салбурыны – 2026» ауқымы биыл қатысушылар санымен ғана шектелмейді. Екі күндік жарысты 10 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп жоспарланған. Олардың қатарында шетелдік туристер де болады деп күтілуде.
Турнирдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қолдау көрсетуде.



