происшествие

Он жылдан кейін: полиция көп тонналық титан құймасын ұрлауға қатысқан соңғы күдіктіні ұстады

Өскемен қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері он жыл бұрынғы қылмыстық істің нүктесін қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында аса ірі көлемдегі металл — құны 31 миллион теңгеден асатын титан құймасын ұрлауға қатысқан соңғы сыбайлас, 63 жастағы ер адам ұсталды.

Қылмыс 2015 жылы жасалған болатын. Сол кезде қылмыстық схеманың басқа қатысушыларының аты-жөні анықталып, олар сот алдында жауап беріп, заңда көзделген жазаларын алған еді. Алайда сыбайластардың бірі қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды.

Арада жылдар өтсе де, оны іздестіру жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Криминалдық полиция қызметкерлері жүйелі түрде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, түскен ақпараттарды тексеріп, іздеудегі азаматтың ықтимал байланыстары мен жүрген жерлерін анықтады. Жедел уәкілдердің кәсіби әрі тиянақты жұмысының арқасында күдіктінің Алматыда жасырынып жүргені анықталды.

Прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, полиция қызметкерлері кешенді дайындық шараларын жүргізді. Іздеудегі азаматтың тұрған жерін анықтау барысында оның ұсталмау мақсатында арнайы жабдықталған жер асты туннель пайдаланғаны белгілі болды. Ол үйден подьезбен емес, осы туннель арқылы көрші көшеге шығып отырған, бұл өз кезегінде оны табуды айтарлықтай қиындатқан. Сондай-ақ оның орналасқан жерін анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды, бұл іздеудегі тұлғаның шыққан сәтін уақытылы тіркеуге және оның бой тасалап кету мүмкіндігін болдырмауға көмектесті.

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 63 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ол әрі қарай тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Шығыс Қазақстан облысына арнайы күзетпен жеткізілді.

Полиция тергеу мен соттан бой тасалаған тұлғалардың міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылатынын еске салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button