ІІМ: Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды

Ішкі істер министрлігі заң мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі
Жыл басынан бері қылмыстық құрылымдарға қатысы бар тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету және қатысу, оның ішінде трансұлттық сипаттағы фактілер бойынша 38 қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша да қылмыстық істер тергелуде.
– Әр түрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Азаматтар мен кәсіптердің қауіпсіздігіне қол сұғатын қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударылуда. Полицейлер кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарында жасалған және өзге де қылмыстарға қатысты 270-тен астам бопсалау фактісін анықтады.
Еліміздің өңірлерінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс. Басым бағыттардың бірі – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, жазасын өтеп жатқан қылмыстық орта өкілдерінің мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіру фактілері бойынша 50-ден астам қылмыстық іс тіркелді.
Трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. ІІМ бастамасымен «заңдағы ұры» деп аталатын санатқа жататын, сондай-ақ шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстан Республикасына кіруіне тыйым салынды.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңды іске асыру аясында 80-нен астам қылмыс анықталды. Зардап шеккендерге қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы қамтамасыз етілді.
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметінің жолын кесу, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң бұзған тұлғалардың жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бағытында дәйекті әрі принципті жұмысын жалғастырады.


