Астанада қайыршылық пен азаматтарға тиісу ісіне қарсы шаралар күшейтілді

Астанада қоғамдық орындарда қайыр сұрау және азаматтарға тиісу фактілерін анықтау мен жолын кесу жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлер мұндай құқықбұзушылықтарды жедел анықтап, тиісті шаралар қабылдауда. Қоғамдық орындарда кәсіпкерлік субъектісі болып саналмайтын тұлғалардың тауар не қызмет ұсыну, қайыр сұрау немесе өзге де қызмет көрсету мақсатында азаматтарға жүгінуі әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады.
Көп жағдайда құқықбұзушылар шетел азаматтары болып шығады. Тексеру барысында олардың жеке басы анықталып, ел аумағында болу заңдылығы тексеріледі. Заң бұзушылық анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданып, оның ішінде көші-қон талаптарын бұзғаны үшін есепке қою және сот шешімімен елден шығару қарастырылады.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарда қайыр сұрау мақсатында азаматтарға тиісу деректері бойынша 17 шетелдік азамат ұсталды. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, бірқатар жағдайда сот шешімімен елден шығару шаралары қолданылды.
Мұндай құқықбұзушылықтар көбіне ірі сауда орталықтары, базарлар мен қалалық саябақтар маңында тіркеледі.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері қараусыздық және қайыр сұрау фактілеріне байланысты 80-нен астам кәмелетке толмаған шетел азаматы Балаларды қолдау орталығына жеткізілді.
Кәмелетке толмағандарды қайыр сұрауға тарту жағдайларында олардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша 10 заңды өкіл жауапқа тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың өтініштері негізінде ғана емес, «Мигрант», «Нелегал» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында да жүргізіліп жатыр.
Жүргізіліп жатқан жұмыс қаладағы қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Полиция тұрғындар мен қала қонақтарын қайыр сұрауды қолдамауға және мұндай фактілер туралы, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында жасалған жағдайда дереу хабарлауға шақырады.



