БастыБілім

Мемлекет басшысы Саясат Нұрбекті қабылдады

Президентке ведомство қызметінің басым бағыттары мен ғылым және жоғары білім салаларындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру барысы баяндалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Конституцияның білім және ғылым салаларындағы әлеуеті жайында мәлімет берілді.

Министр адам капиталын дамытатын экожүйе құру шаралары мен таланттарды үздіксіз қолдау тетігін таныстырды.

Мемлекет басшысына еңбек нарығын зерттеу нәтижелері мен 2030 жылға дейінгі мамандарға сұраныс болжамы ұсынылды. Жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту шараларына, соның ішінде «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа моделін енгізуге баса назар аударылды.

Саясат Нұрбек AI-Sana ұлттық қозғалысын ілгерілету және AI-Enabled University индустрия университетін іске қосу жайында баяндады. Жаңа типтегі бұл жоба білім беру мен өндіріс үдерісіне жасанды интеллектіні пайдаланады. Бұдан бөлек, инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтары сияқты ғылыми-өндірістік аймақтарды құру жоспарымен бөлісті.

Министр DeepTech пен күрделі өндірістерді дамыту моделіне көшу жүйелі түрде қолға алынғанын жеткізді. Мұнда жоғары оқу орындары мен облыс әкімдіктерінің өзара байланысы айрықша мәнге ие. Бұл технологиялық міндеттер мен келешегі зор бағыттарды анықтауға жол ашады. Аталған механизм аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіледі, өнеркәсіп үлгілері жасалып, өндіріс іске қосылады.

Ғылыми саясатты жетілдіруді көздейтін реформалар жалғасып жатыр. Министрлік ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, гранттар мен сыйлықтар беруге, ғылыми тағылымдамаға жіберуге, сондай-ақ жас ғалымдарды баспанамен қамтуға ерекше мән береді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновациялық қызметті ынталандыру, инфрақұрылым мен шетелдік университет филиалдарының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button