БастыҚоғам

«Наурызнама»: Астанада Көрісу күні қалай атап өтіледі

Көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында Астанада 200-ден астам түрлі іс-шара мен акция өтеді. «Наурызнама» мерекелік онкүндік 14 наурыз күні Көрісу күнінен басталады. Бұл күні елордадағы ашық алаңдар мен саябақтарда Наурыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттайтын түрлі мәдени бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

14 наурыз күні сағат 10:00-де №13 орта мектептің (Өндіріс тұрғын алабы, Шалкөде көшесі, 5) оқушылары «Көрісу күні – Амал мерекесі» акциясын өткізеді.

Мереке аясында мектеп оқушылары шағын ауданда тұратын ардагер ұстаздарды, зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлерін арнайы барып құттықтайды. Осы арқылы олар аға буын өкілдеріне құрмет білдіріп, алғыс айтады.

Оқушылар қонақтарға торттар мен тәттілер салынған себеттер табыстап, педагогика саласының ардагерлерімен емен-жарқын әңгімелеседі.

Бұл шара ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастардың үлкендерге деген құрметін арттыруға бағытталған.

Осы күні сағат 14:00-де Астана қаласының Достық үйі ғимаратында «Ұлы Еліміздің Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ұлттық киімдегі мерекелік шара өтеді. Іс-шара қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрін насихаттауға, этносаралық татулықты нығайтуға арналмақ.

Мерекеге елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысады. Театрландырылған бағдарлама барысында қазақ әндері шырқалып, Қазақстан халқының ұлттық тағамдары таныстырылады.

Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері «Көрісу» дәстүрін көрсетеді. Олар ұлттық салт-дәстүрлер жайлы әңгімелеп, көпшілікке ақыл-кеңесін айтады әрі бата береді.

Көрісу рәсімі – ұзақ әрі қыстан кейін көктем қарсаңында адамдардың қауышуын, үлкендерге құрмет көрсетуді, ренішті ұмытып, бірлік пен мейірімділікті дәріптеуді білдіретін тағылымды дәстүр.

Сондай-ақ Наурызды көне мәдени код әрі қазақ халқының өміршең дәстүрі ретінде жан-жақты танытуға арналған «Наурыз жылнамасы» атты ғылыми-этнографиялық конференция мен көрме өтеді.

14 наурыз күні сағат 12:00-16:00 аралығында Ататүрік саябағы аумағында «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылады. Оған мәдениет қайраткерлері, елордалық білім беру мекемелерінің балалар ұжымдары және этномәдени орталықтардың шығармашылық топтары қатысады.

Іс-шара аясында заманауи AI-аймақ та жұмыс істейді.

Астанада цифрландыру жылы аясында «Наурызбай» және «Наурызай» атты аватарлары бар жасанды интеллект көмекшісі әзірленген. Бұл виртуалды кейіпкерлер қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарлама, сондай-ақ Наурыздың тарихы мен дәстүрлері туралы ақпарат береді.

Сонымен бірге ұлттық музыкалық аспаптар мен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұсынылады.

Сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында «Tartys Fest» спорттық ойындар фестивалі басталады. Жарысқа спортшылар, қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады.

Бағдарламада арқан тарту, кермеде тартылу, қой көтеру, сондай-ақ жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақ ойнау сияқты сайыстар өтеді.

Фестивальге 18 жастан асқан барлық ниет білдіруші қатыса алады. Қатысу тегін, тіркеу жарыс басталар алдында сол жерде жүргізіледі.

Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталады.

Бұл фестиваль ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және тұрғындарды белсенді спорттық шараларға тартуға бағытталған.

Сол күні сағат 12:00-де Сарыарқа ауданындағы Қорғалжын сквері аумағында спорттық-шығармашылық іс-шара өтеді.

Ал Әл Фараби атындағы Оқушылар сарайында 14-18 наурыз күндері халық ертегілерінің желісімен сахналанған «NAURYZ-2026» мерекелік театрландырылған қойылымы көрсетіледі.

Бұдан бөлек, 14 және 15 наурыз күндері Астанада «Nauryz Sale» атты ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері өтеді.

Жәрмеңкеде Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, шұжық, ұн, жарма, наубайхана өнімдері, табиғи шырындар, тосап, бал және басқа да азық-түліктерді қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Жәрмеңкелер 14-15 наурыз күндері сағат 10:00-18:00 аралығында мына мекенжайларда өтеді:
• Keryen Joly сауда орталығы (Алаш тасжолы, 35Б);
• Koktal сауда орталығы (Н.Тілендиев даңғылы, 12а);
• Евразия сауда орталығы (Қ.Сәтбаев көшесі);
• Астаналық базар (С.Сейфуллин көшесі, 47);
• Damu Mall (Ж.Нәжімеденов көшесі, 26);
• Шапағат базары (Бөгенбай батыр даңғылы, 69);
• Сауран базары (Алматы көшесі, 3).

Елордада ұйымдастырылатын бұл шаралар Наурыз мейрамының мазмұнын кеңінен танытып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға және тұрғындардың мерекелік көңіл-күйін арттыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button