Алматы Дүниежүзілік туристік альянстың толыққанды мүшесі атанды

2025 жылы Алматы Дүниежүзілік туристік альянсқа (World Tourism Alliance, WTA) – туризмнің тұрақты дамуын қолдауға бағытталған 41 елден 251 мүшені біріктіретін халықаралық үкіметтік емес ұйымға толыққанды мүше болды. Бұл мүшелік қаланың талдамалық дерекке, білім беру ресурсына және халықаралық әріптестікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
WTA мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерін және сарапшылар қауымдастығын біріктіреді. Ұйым халықаралық туризмді дамытуға ықпал етеді, зерттеулер жүргізеді, кеңес береді және маман даярлау ісімен айналысады, сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектор арасындағы кооперацияны нығайтады.
Қазір Ханчжоуда (ҚХР) WTA Сянху 2025 жыл сайынғы іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында Алматыға Альянс құрамына қабылданғанын растайтын сертификат ресми түрде табысталды.
2025 жылғы Диалогтың тақырыбы — «Шекарадан тыс: туризмнің шексіз көкжиегіне ұмтылыс». Талқылаулардың негізгі бағыттары: тұрақты даму, салалар арасындағы ықпалдастық, инновация мен туризм саласындағы технологиялық шешімдер.
WTA құрамына қабылдану Алматының халықаралық серіктестігін күшейтіп, жаһандық сараптамалық ортаға жол ашады және қаланың туристік әлеуетін ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер туғызады.


