Қоғам

Ақмола облысының 900-ден астам фермері 118 млрд теңгеге қолдау алып, жоғары өнімділік көрсетті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында өңірдегі егін жинау науқанының қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы

Ол аймақта тарихта болмаған нәтижеге қол жеткізгенін хабарлады. Ақмола облысында рекордтық 7,6 млн тонна дәнді дақылдар мен бұршақты-дәнді дақылдар жиналған. Орташа түсім гектарынан 16,3 центнерді құрады.

«Бұл тұста өнім сапасының да өткен жылдардағы көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары екенін атай кету керек. Жиналған жалпы астықтың 75%-ы нарықта үлкен сұранысқа ие жоғары сұрыпты 3-класты өнім», — деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, майлы дақылдар бойынша жалпы түсім 554 мың тоннаны болған. Бір гектардан орташа 11,2 центнер жиналған. Мұндай өнім өңірдің экспорттық әлеуетін нығайта түседі.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың тұқымын дайындау жоспары 100%-ға орындалды. Қажетті 540 мың тонна тұқым сақталып тұр және көктемгі егіске дайын.

Облыстың агроөнеркәсіп кешені астық қабылдайтын элеваторлармен және қоймалармен қамтамасыз етілген. Олардың жалпы сыйымдылығы 7,2 млн. тоннаны құрайды.

Облыс мұндай рекордтық көрсеткішке мемлекеттің қомақты және уақытында көрсетілген қолдауының арқасында қол жеткізіп отыр. Атап айтқанда, 928 фермерге 118 млрд. теңгеден астам сомаға қолдау көрсетілген. 2023 жылмен салыстырғанда енгізілген минералды тыңайтқыштардың көлемі 3 есеге артқан.

Жеңілдетілген лизингтің қолжетімділігі машина-трактор паркін жаңартуға ықпал етті. Ресурстарды ұтымды пайдалану және агротехникалық талаптарды сақтаудың арқасында сапалы әрі мол астық жинауға қол жеткізілді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісі 1,2 трлн. теңгеден асады деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button