Абай облысының әкімі: Алакөл демалыс аймағын басқаратын жеке мекеме құру қажет

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жиын өтті. Отырысқа басқарма, департамент басшылары, көліктік бақылау инспекциясының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша туризм басқармасының басшысы Марат Қабақов баяндады, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыста Алакөл жағалауының инфрақұрылымын нығайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы салынуда. Нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзербайжан инвесторлары Алакөлде жыл бойы жұмыс істейтін емдеу-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр.
Жиында аймақ басшысы орынбасары Серік Төленбергенов пен тиісті басқармаларға Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға, туристік аймақтағы қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға, көліктік бақылау инспекторларының санын арттыруға, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
«Алакөлдегі өзекті мәселелерді алдағы демалыс маусымына дейін шешуіміз қажет. Жағалауда басталған барлық жобалар уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Электр желісін тарту мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалық құжаттамасы жыл соңына дейін дайын болуы керек. Жағалауды нығайту шараларын қазірден бастау қажет. Туристік аймақты абаттандыруға, жөндеуге, санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты жобалардың конкурсын созбай, ерте өткізуді тапсырамын. Алакөл демалыс аймағын басқаратын жеке мекеме құру қажет. Соның заңдылық жағын қарастырып, келесі жиында баяндаңыздар», – деді облыс әкімі.



