БастыҚоғам

Биыл 10 мың қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісімін берді

Еліміздегі Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықта 40-тан астам донорлық стационар, 7 транспланттау орталығы, 5 зертхана және медициналық авиация бар. 2013 жылдан бері Қазақстанда мәйіттік донорлық қолданыла бастады. Мәселен, 18 жастан асқан, аурулардың түрлі асқынуына байланысты ми өлімі анықталған азаматтар донор бола алады. Ал, ағза алуына мәжбүрленген, ес-қабілеті дұрыс болмаған, психикалық аурулары бар, қатерлі ісікке және инфекциялық ауруларға шалдыққан азаматтар донор бола алмайды.
Бұл туралы ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.

Оның айтуынша, қазір күту парақшасында 4384 адам тұр. Олардың 121-і  – бала. 2020 жылдан бері 1209 трансплантация жүргізілді. Өкінішке қарай, олардың 80%-ы туыстық донор болса, небәрі 15%-ы – мәйіттік донорлар.

«2020 жылдан бері мәйіттік донор боламын деушілер саны азайды. 2024 жылы 86 ықтимал донор болды, олардың 10-ы ғана келісімін берді. Төртеуінің қарсы медициналық көрсеткіштері болғандықтан, тек 6 адамның ғана ағзаларын қолдану мүмкін болды. Нәтижесінде 23 транспланттау операциясы жасалды. Ал, соңғы 10 айда 131 ықтимал донор анықталып, 10-ы өзекті болды. Соның арқасында 42 операция жасалды», – деді спикер.

Айта кетерлігі, eGov порталы арқылы әр қазақстандық донор болуға қатысты өз еркін білдіре алады. 2023 жылы 33 азамат осы мүмкіндікті пайдаланса, қазір 134 мың адам тіркелген. Олардың 10 мыңы донор болуға келісіп, 122 мыңы бас тартты. Елде мәйіттік донорлықты дамыту үшін түрлі форум, конференциялар өткізіліп, трансплант координаторы жұмыс істейді. Донор болған азаматтардың құрметіне «Асыл қадам» аллеясы ашылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button