Қоғам

Жамбыл облысында заманауи жол бойындағы қонақ үй салынды

Жамбыл облысының Меркі ауданында KeruenInn заманауи қонақ үй кешені іске қосылды

Жоба Үкіметтің Инвестициялық штабының көмегімен жүзеге асырылған. Президенттің тапсырмасына сәйкес штабқа инвесторлардың мәселесін жедел шешу және әкімшілік кедергілерді жою бойынша өкілеттіктерге берілген болатын. 2025 жылдың басынан бері онда 18 отырыс өткізіліп, жалпы сомасы $70 млрд болатын 65 инвестициялық жоба қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі.

Жамбыл облысында қонақ үй кешенін ашу – Мемлекет басшысының қазіргі заманға сай инфрақұрылым құру және елдің транзиттік әлеуетін күшейту бойынша қойған стратегиялық міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Кешен 30-дан астам номерден, дәмхана, дүкен және дәріхана желісінен тұрады. Саяхатшыларға ыңғайлы болу үшін жүк және жеңіл көліктерге арналған автотұрақ, сондай-ақ электромобильдерді зарядтау стансалары қарастырылған. Бұл нысанда Меркі ауданының тұрғындары үшін 20 жұмыс орны ашылды.

Жоба ауқымды инвестициялық бағдарламаның құрамына кіреді, оның шеңберінде 2029 жылға дейін Қазақстанның 14 өңірінде осындай 60 нысан салу жоспарланған. Қонақ үй кешендерінің желісі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Солтүстік – Оңтүстік» сияқты елдің негізгі автокөлік дәліздерін қамтиды, сондай-ақ шекарадағы автокөлік өткізу пункттерінің маңында және негізгі туристік орындарда орналасатын болады. Салынған қаражаттың жалпы көлемі $150 млн-нан асады, бұл 900-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Үкімет өңірлердің жан-жақты дамуына және транзиттік әлеуетті арттыруға ықпал ететін инфрақұрылымдарды жаңғырту жөніндегі жобаларға жеке инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар тудыру жұмыстарын жалғастыруда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button