Қоғам

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ қаражатын жымқыру ісі сотқа жолданды

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрылымындағы негізгі кәсіпорын – геологиялық жұмыстар мен технологиялық бұрғылауға жауапты «Волковгеология» АҚ-ның бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады

Компанияның бұрынғы басқарма төрағасы Д.Н. Молдаши екі жыл бойы орындалған жұмыстар бойынша жалған актілер рәсімделетін схеманы ұйымдастырған, деп мәлімдейді ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

«Аталған құжаттарда «Казбурмаш СК» ЖШС-нен жеткізілмеген қосалқы бөлшектер қабылданғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген.

Осы жалған актілер негізінде контрагентке 86 миллион теңгеден астам сома аударылған. Кейін бұл қаражат заңсыз иемделген», – делінген хабарламада.

Тергеу барысында күдіктілер келтірілген материалдық шығынды толық өтеді.

Қылмыстық іс сот қарауына жолданды.

Еске сала кетейік, бұған дейін осы іс аясында «Волковгеология» АҚ филиалының директоры А.М. Борашев, сондай-ақ «Казбурмаш СК» ЖШС басшысы Е.С. Алипбаев пен бухгалтер Г.Ж. Токатаева 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button