Дария Азимбаева: «Мамандығыңды сүю – адамдарға қызмет ету»

2025 жыл Қазақстанда Президент Жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл бастама – күнделікті маңдай терімен халықтың денсаулығын, қауіпсіздігін және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегіне берілген жоғары баға. Осындай абыройлы тұлғалардың бірі – ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасында қызмет атқарып жүрген, стратегиялық жоспарлау, мониторинг және талдау департаментінің денсаулық сақтау менеджері Дария Азимбаева.
«Дәрігер қыздан» – өмірлік мамандыққа
Дария Азимбаева бала кезінен-ақ адамдарға қол ұшын беруді армандағанын жылы жымиып еске алады:
«Әжем ұзақ уақыт төсек тартып ауырды. Сол кезде оған массаж жасап, дәрілерін уақытылы беріп, барынша күтім жасайтынмын. Сол үшін туыстарым мені “дәрігер қыз” деп атайтын. Дәл сол сәтте менің өмірлік жолым – дәрігерлік мамандық екеніне көзім жетті», – дейді ол.
Мектепті тәмамдаған соң ол өмірін медицинамен байланыстыруға бел буды. Алғашында емдік факультетке түспек болғанымен, институт қабырғасындағы «Медицина емдейді, ал гигиена мен санитария аурудың алдын алады» деген жазу оның шешімін өзгертті. Осылайша ол профилактикалық медицинаны таңдады.
1992 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «дәрігер-гигиенист, эпидемиолог» мамандығы бойынша үздік тәмамдады.
Алғашқы қадамдар және ұстаздық өнеге
Дария Азимбаеваның еңбек жолының алғашқы жылдары нағыз кәсіби шыңдалу мектебі болды.
«Павлодарда санитариялық дәрігер болып алғаш жұмысқа орналасқанымда маған қызыл ағаштан жасалған үлкен үстел берілді. Әріптестерім: “Бұл – Файзулла Букеевич Бисмильдиннің үстелі”, – деді. Ол кезде мен оны санитариялық ережелердің авторы ретінде ғана білетінмін. Кейін тағдыр бірлесіп еңбек етуге жол ашып, баға жетпес тәжірибе жинадым», – деп еске алады ол.
Әкесінің өмірлік ұстанымы оның кәсіби қағидатына айналды: «Әкем үнемі: “Әр істің жемісті болуы үшін үш нәрсе қажет – ниет, күш және тәртіп” деп отыратын. Бұл сөздер мен үшін өмірлік бағдар болып қалыптасты».
Кәсіби жолдағы сындарлы кезеңдер
Еңбек жолында Дария Азимбаева талай сын-қатерге де кезікті. Солардың ішінде COVID-19 пандемиясы ерекше белес болды. Ол бұл кезеңді тек қиыншылық ретінде емес, санитариялық қызметтің табандылығы мен бірлігін айқын көрсеткен уақыт ретінде бағалайды.
«Біз күндіз-түні, демалыссыз еңбек еттік. Бұл – мамандыққа деген адалдығымызды дәлелдейтін үлкен сын болды. Сол сәтте бір нәрсені анық түсіндім: гигиенист-дәрігердің еңбегі – жеке міндет қана емес, ел алдындағы зор жауапкершілік», – дейді ол.
Референс-зертханадағы қызметі
Дария Азимбаева Референс-зертханада соңғы екі жыл бойы абыроймен еңбек етіп, стратегиялық жоспарлау, мониторинг және қызметті талдау бағыттарына жетекшілік етеді. Оның кәсіби міндеттеріне орталық жұмысына жан-жақты сараптама жасау, берілген тапсырмалардың орындалуын және орындаушылық тәртіптің сақталуын бақылау, зертхананың қол жеткізген нәтижелерін бағалау, аналитикалық әрі ғылыми-әдістемелік материалдар әзірлеу, сондай-ақ қызметкерлердің денсаулығын қорғау мақсатында респираторлық аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру кіреді.
Кәсіби қызметіндегі ерекше бағыттардың бірі – санитариялық минимум бойынша оқыту. Санитариялық минимум – тағам өнімдерімен, балалармен, медицина және коммуналдық нысандармен тікелей байланыстағы қызметкерлерге арналған кешенді кәсіби-гигиеналық даярлық жүйесі. Бұл бағдарлама медициналық тексеруді (нәтижелері жеке медициналық кітапшаға енгізіледі), гигиеналық оқытуды және қорытынды аттестацияны қамтиды. Мұндай кешенді дайындық тек білімді тексерумен шектелмей, санитариялық мәдениетке деген жауапты көзқарасты қалыптастырып, қоғам үшін аса маңызды учаскелерде тек білікті әрі кәсіби даярланған мамандардың еңбек етуіне кепілдік береді.
Ұжым және кәсіби орта
Дария Азимбаева үшін Референс-зертхананың ұжымы – айрықша құндылық: «Бұл жерде өз ісін шын жүректен сүйетін кәсіби мамандар еңбек етеді. Олар тек жұмысын атқарып қана қоймай, әрдайым бір-біріне қолдау көрсетеді. Бұл – мен үшін екінші отбасы. Өз ісін жан тәнімен жақсы көретін адамдармен жұмыс жасаған кезде, еңсерілмейтін қиындық болмайды», – дейді ол.
Жұмысшы мамандықтар жылының айғағы
Дария Азимбаеваның кәсіби жолы – мамандыққа адалдықтың, әр нәтижеге жан-тәнімен берілудің жарқын үлгісі.
«Мамандығыңды сүю – адамдарға қызмет ету. Менің әрбір жұмыс күнім – елдің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қосқан үлесім», – дейді ол.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оның өмірлік жолы – жауапкершілікті терең сезінетін мамандардың еліміздің тұрақтылығы мен беделін қалай қалыптастыратындығының айқын дәлелі.