Өнім құрамындағы құпия: ДНҚ талдауы тағамның «адалдығын» қалай дәлелдейді?

Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен құрамының шынайылығын қадағалау – тек өндірушілер үшін ғана емес, сонымен қатар бақылаушы органдар үшін де аса маңызды міндеттердің бірі. Осы салада өнім құрамын нақты тексеруге және жануар текті компоненттердің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік беретін заманауи, әрі жоғары дәлдіктегі әдістердің бірі – полимеразды тізбекті реакция (ПТР) қолданылатын молекулярлық-генетикалық талдау.
ПТР әдісінің өзіндік ерекшелігі – жоғары сезімталдығы пен сенімділігі. Бұл әдіс арқылы өнім құрамындағы ДНҚ іздерін мыңнан бір бөлігінде де анықтауға болады. Сондай-ақ ол шикізаттың қай жануардан алынғанын — сиыр, шошқа, тауық, күркетауық, қой, жылқы немесе басқа да түрлерін дәл анықтайды. Әсіресе, термиялық немесе басқа да технологиялық өңдеуден өткен өнімдердің құрамын анықтау көзбен ажырату мүмкін болмаған жағдайда ерекше өзектілікке ие.
ДНҚ талдауы түрлі жағдайларда сұранысқа ие: өнім таңбасының шынайылығын растау, діни талаптардың (халал, кошер) орындалуын тексеру, аллергенді қоспаларды болдырмау, тұтынушылар шағымын қарау және сот-сараптамалық тәжірибеде қолдану. ПТР әдісі шикі ет, шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттар, консервілер, балалар тағамы секілді өнім түрлерін зерттеуде кеңінен қолданылады.
Жануарлар ДНҚ-сын зерттеу ветеринария мен мал азығы саласында да үлкен маңызға ие. Жем құрамын генетикалық бақылау арқылы биологиялық тепе-теңдікке зиян келтіруі мүмкін компоненттерді анықтап, жануарлар арасында каннибализм қаупін және губкалы энцефалопатия секілді ауыр патологиялардың алдын алуға жол ашылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Референс-зертхананың молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасының меңгерушісі Әлия Ибраеваның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі саласында молекулярлық-генетикалық әдістерді қолдану – өндіріс үдерісінің ашықтығын арттырып, тұтынушылардың сенімін нығайтуға және тағам тізбегінің барлық кезеңінде санитариялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.