Tasqyn жүйесі су тасқыны қаупін болжауда қаншалықты тиімді?

Tasqyn ақпараттық жүйесі биыл 14 наурыз бен 18 сәуір аралығында Қазақстанның 10 облысындағы су тасқыны жағдайын болжап, модельдеді
Бұл жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменттеріне еріген судың келуіне дайындалып, ауқымды су тасқынының алдын алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Модельдеу Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарының елді мекендеріне жүргізілді. Бұл ретте жүйе Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы нақты су басқан 16 елді мекеннің 9-ына алдын ала болжам жасады.
Tasqyn жүйесі тасқын суды модельдеу кезінде өзендердегі болжамды су шығыны мен деңгейін, қоймалардан су жіберу көлемін, жер бедерінің цифрлық модельдерін және батиметриялық түсірілім деректерін пайдаланады. Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқыны кезінде күн сайын ақпараттық жүйеге деректерді енгізу және жаңарту арқылы су қоймаларының жай-күйіне мониторинг жүргізді. Сондай-ақ ведомство шекара маңындағы елдермен өзара іс-қимыл жасап, ТЖМ мен оның аумақтық бөлімшелерін төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы уақтылы хабардар етіп отырды.
«Болжамдардың дәлдігін арттыру және Tasqyn жүйесін қамтуды кеңейту үшін уәкілетті мемлекеттік органдар оны одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірледі. Цифрлық жер бедерінің анықтығын арттыру, гидрологиялық модельді жетілдіру және бейімдеу, жүйені жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар енгізілген Жол картасының жобасы әзірленді. Tasqyn ақпараттық жүйесін жетілдіру жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп жатыр және алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Аслан Абдраимов.