
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова оқушылардың жазғы демалыс уақытында жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады
Бұл туралы ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, заңға сәйкес, жұмыс істеуге рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының саны 1,4 млн адамды құрайды, оның 26,5 мыңы – ерекше балалар. Сонымен қатар ең көп сан оңтүстік макроөңірде – Түркістан (204,9 мың), Алматы (136,1 мың), Жамбыл (102,3 мың) облыстарында және Алматы қаласында (124,7 мың) тіркелді.
Ақпараттық жүйелердің мәліметі бойынша, қазіргі таңда мектеп жасындағы 24,3 мың бала жұмыспен қамтылған. Ең көп сауда саласында (5,3 мың), тұру және тамақтану (3,6 мың) қызметтерінде жұмыс істейді.
«Алдағы каникул кезеңінде студенттерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін келесі іс-шаралар ұсынылады – электрондық еңбек биржасы арқылы лайықты бос жұмыс орындарын таңдау, онлайн оқыту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және кәсіптік бағдар беру», — деді Светлана Жақыпова.
Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) арнайы «Менің жазғы демалысым» бөлімі құрылды, ол 14 жастан бастап білім алушыларға (мектеп оқушылары мен студенттер) платформаға тіркелуге, жеке кабинетін құруға, түйіндеме жариялауға және қолайлы бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеуге мүмкіндік береді. 16 жасқа дейінгі білім алушылар үшін тіркеуді және жеке кабинетті құруды заңды өкілдер (ата-аналар, қамқоршылар) жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Skills.Enbek онлайн оқыту платформасы мектеп оқушыларына жаңа дағдыларды үйренуге немесе бұрыннан бар қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі салалардағы тегін және ақылы курстардың кең ауқымын ұсынады. Бүгінгі таңда платформада 1,2 мыңнан аса курс бар, оның 322-сі тегін, ал 137 курс мемлекеттік тілде ұсынылған.
Ол жергілікті атқарушы органдардың жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына жазғы демалыс кезінде қоғамдық пайдалы жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесі жалғасатынын атап өтті.
Оқушылар үшін қоғамдық жұмыстардың ерекшеліктері:
● толық емес жұмыс күні немесе икемді кесте бойынша жұмысты ұйымдастыру мүмкіндігі;
● аймақ үшін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық пайда;
● арнайы білімі жоқ адамдарға уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндігі.
Айлық жалақысы 24 АЕК-тен кем емес (2025 ж. – 94 368 теңге)
«Қолайлы мансап жолын таңдауға көмектесу үшін «Мансап компасы» платформасы жұмыс істейді, ол мансаптық бағдарлау тестілері арқылы мансаптық қызығушылықтарды анықтауға, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға, оқу орнын таңдауға мүмкіндік береді. Біз алдымызға бос жұмыс орындарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін қоямыз», — деп атап өтті Светлана Жақыпова.