БастыҚоғам

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы зиялы қауыммен кездесті

Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан өңірдегі мәдениет саласының ардагерлерімен және жастар қауымымен кездесті. Кездесуге екі жүзден аса адам қатысты

Жиын басында басқармаға қарасты мекемелердің басшыларын орындарынан тұрғызып жұртшылыққа көрсетіп, алдағы уақытта жұмыстарды осы азаматтармен бірігіп атқаратынын атап өтті. Басқарманың қысқа және ұзақ мерзімді жоспары жасалатынын айтып, өңірлік көркемдік кеңес құру, сондай-ақ «Руханият әлемі» атты портал ашу туралы бастамаларын ұсынды. Аталған портал өңір руханиятын кеңінен насихаттап, бар құндылықты цифрландыра отырып бір жерге жинақтап, ел мүддесі үшін қызмет ететін маңызды алаңға айналатынын жеткізді.

Кездесу барысында мәдениет саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде театр инфрақұрылымына қатысты түйткілдер де көтерілді. “Абай” қоғамдық қорының президенті Отантай Кәрібжанов:

«Бір ғимаратта үш театр жұмыс істеп отырғанын облыс әкімі Берік Уәли мырзаның алдында көтергем. Арасына апта салмай сол мәселені Мемлекет басшысы Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтай отырысында өз аузымен айтып «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісін дәлелдеді. Мәселе жетер жеріне жеткен екен, әкімге рахмет, енді шешілетін шығар» деп ой түйіндеді.

Сонымен қатар қолөнершілерге арнайы орын бөлу, белгілі мәдениет қайраткері Теміржан Базарбаевтың мерейтойын өткізу сияқты бірқатар ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде Жанжігіт Абзалбекұлы:

«Барлық ұсыныстар мен сұрақтар назарға алынады. Осы жерде хаттама толтырылып жатыр, әрі қарай жұмысқа кірісеміз, біздің құзыретімізге жатпайтындары тиісті органдарға жеткізіледі, өздеріңізбен бірге жұмыс жасаймыз. Қордаланған мәселелердің шешімі бір күннің еншісінде емес, кезең-кезеңімен шешеміз деп ойлаймын» деді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button