Жас ғалымдарға пәтер кілттері табысталды

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 14 жас ғалымына пәтер кілті табысталды
Салтанатты табыстау рәсімі Е.А.Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған Жас ғалымдар форумында өтті. Шараға «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әділ Құсманов қатысты, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Университет ректоры Н.Дулатбековтің айтуынша, университеттің зерттеу мәртебесін алуы жас ғалымдардың ғылымға қосқан үлесінің арқасында мүмкін болды. Сондықтан оларды баспанамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
«Біз үшін бұл жай ғана баспана табыстау емес – зерттеу университеті мәртебесін нығайту жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Зерттеу университеті – тек гранттар мен зертханалар ғана емес, сонымен қатар талантты оқытушыларды, ғалымдар мен қызметкерлерді бағалайтын орта. Біз ғылым ертеңгі күнге деген үмітсіз мүмкін емес деп есептейміз», – деді ол.
Жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасындағы 2023-2027 жылдарға арналған жас ғалымдарды тұрғын үймен несиелеу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асты.