Алматы облысында интернат оқушылары мектепке түнеп жүр. Ата-аналар көмек сұрады
Екі жыл бұрын басталған ғимараттың жөндеу жұмыстары тоқтап қалған.
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатының оқушылары білім ордасында түнеп жүр. Өйткені мектеп жанындағы жатақхана күрделі жөндеуге жабылған, деп хабарлайды 31-арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы.
Екі жыл бұрын басталған ғимараттың жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Ал осы уақыт аралығында оқушылар сыныптарды жеке жатын бөлмелеріне айналдырған. Қазір бір сыныпта осылайша он-он бес баладан топтасып жатады.
«Қарасай ауданына өтініш, Қонаев қаласына өтініш. Ата-ана ретінде, көпбалалы ана ретінде сіздерден өтініп сұраймын. Бірінші қыркүйекке мына жатақханамызды бітіріп беруіңізді сұраймыз. Балаларымыз қазір мектептің ішінде жатыр. Мектептің ішінде жатады, мектептің ішінде тамақ ішеді. Өйткені бізде басқа мүмкіндік жоқ», – деді ата-ана Данышпан Дәуітқызы.
Білім ордасының ауласында орналасқан жатақхананың жөндеу жұмыстарын «ГрадСтройСервис» жасауы тиіс болған. Алайда құрылысты бастаған компания жұмысты жарты жолда қалдырған.
«Мына жатақханамыз 1960 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Конкурсқа тапсырушы Қарасай білім басқармасы болды. Солар өздері тендер ойнатып, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап біз мына жатақхананы босатып бердік. Күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап қалды. Подрядчиктер кетіп қалды, жұмыс бітпеді», – деді И. Нүсіпбеков атындағы мектеп-интернатының басшысы Ләззат Қасымбекова.
Ал Алматы облысы Қарасай ауданы білім бөлімі мамандарының айтуынша осыған дейін Алматы облысы мәслихатынан қаржы бөлінген. Алайда жөндеу жұмыстарын жүргізуі тиіс компания межелі уақытта құрылысты аяқтай алмаған.