Батыс Қазақстан облысында ауқымды су тасқынының алдын алу шаралары қабылдануда. Су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу үшін өңірде шоғырланған күштер тобы 6,3 мың адамнан асты, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Үкіметтің тапсырмасы бойынша елді мекендерден үлкен суды бұрып әкету және су тасқынынан келетін шығынды азайту үшін барлық күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Облыста ТЖМ-ның 1 мыңнан астам қызметкері, Ұлттық ұланның 700-ден астам, Қорғаныс министрлігінің 600 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Жұмысқа волонтерлік ұйымдардың қатысушылары тартылды. 1,5 мың арнайы техника жұмылдырылды, оның 790-ы БҚО-ға еліміздің басқа өңірлерінен келген.
Негізгі міндет – елді мекендердің тұрғындары мен олардың үйлерін су тасқынынан қорғау. Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің бойындағы жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 700 мың құм толтырылған қапшық және 3 710 мың тонна инертті материал төселді. Қорғаныс үйінділері 4-5 метр биіктікке дейін көтерілді.
Қазіргі уақытта Оралда жедел-эвакуациялау пункттері ашылды, өңірде «Жедел желі» жұмыс істейді – оған 512 қоңырау келіп түсті.