Депутат Дархан Қыдырәлінің айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің нормалары бойынша баланың, жұбайының немесе отбасы мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жағдайда ата-ана құқықтарынан айырылады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл жағдайда сот барлық мән-жайлардың жиынтығын қарастырып жатқанын атап өтті.
«Егер бастама болса, бұл мәселені алдымен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы қарайды.Содан кейін сот барлық мән-жайлардың жиынтығын, ең алдымен, ата-ананың жеке басын қарастырады. Сондықтан бұл ата-ана құқығынан айырылғандар санының көбеюіне немесе азаюына ешқандай әсер етпейді деп ойлаймын», – деп жауап берді Игорь Лепеха.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сондай-ақ қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» заңда ата-ана құқығынан, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін де айыру нормасы қарастырылғанын айтты.
Бұған дейін сенат депутаттары әйелдер құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заңды екі оқылымда мақұлдаған болатын.