Қоғам

ЕҰУ шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге арналған қосымша әзірлеуде

Еуразия ұлттық университетінің докторанты Асылтас Қалтенова шетелдіктерге қазақ тілін үйренуге көмектесетін «Sana» қосымшасын әзірлеу үстінде, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Бірегей қосымша қазақ тіліндегі күнделікті қолдануға арналған диалогтар мен оларға грамматикалық толықтыруларды ұсынады. Жоба Еуразия ұлттық унивверситетінің «Jana Asu» гранты есебінен қаржыландырылады. Ғалымдар қосымшаны келесі жылы қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

«Қазақстанда қазақша сөйлеуді үйренгісі келетін шетелдіктер көп. Бірақ, өкінішке орай, біздің нарықта жоғары сапалы веб-ресурстар мен қосымшалар аз. Қолданыстағы бағдарламалар қазақ тілінің грамматикасы мен лексикасын ғана түсіндіреді, ал практикалық сөздер, сөз тіркестері, диалогтар жоқ. Сондықтан мен осындай олқылықтың орнын толықтырғым келді. Менің мақсатым – қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару және мұндай қосымшалар ана тілімізді шетелдік қонақтар арасында дәріптеуге септігін тигізеді деп санаймын», – дейді Асылтас Қалтенова.

Қазір ІТ-мамандар мен ғалымдар мобильді қосымшаның прототипін және кешенді диалогтарды әзірлеуге кірісті. Бағдарламада грамматикалық және лексикалық түсініктемелерден тұратын аудио нұсқаулықтар қарастырылған. Мобильді қосымша Android және iOS пайдаланушылары үшін қолжетімді болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button