Семейдегі өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі мен бизнес-омбудсмен құқықтық көмек көрсетеді
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Абай облысы бойынша өкілі Семейдегі сауда үйлерінің бірінде болған өрттен бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге арналған дөңгелек үстел отырысына қатысты. Бұл туралы уәкілдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сондай-ақ іс-шараға Семей қаласы әкімдігінің басқармалары мен бөлімдерінің өкілдері, екінші деңгейлі банктердің филиалдары мен басқа да ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Басқосуда зардап шеккендердің несиесін, коммуналдық және басқа да төлемдерін кейінге қалдыруды қамтамасыз ету, бизнесті қалпына келтіру үшін оларға жеңілдетілген пайызбен несиелер ұсыну, сондай-ақ жұмыссыз қалған азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.
Жиын барысында Семейдегі екінші деңгейлі банктер мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері зардап шеккендердің берешегін кейінге қалдыру және жеңілдіктер беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі мен бизнес-омбудсмен арасында жәбірленушілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша бірлескен іс-шараларды өткізу туралы келісімге келді.
Еске салайық, 2024 жылдың 6 ақпанына қараған түні Семей қаласындағы «Ақшын» сауда орталығында өрт шығып, көптеген кәсіпкерлерге ірі материалдық шығын келген болатын, олардың көпшілігі іс жүзінде бизнесінен айырылды.