БастыҚоғам

2024 жылы Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданады – Еңбекмині

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында ведомство басшысы Светлана Жақыпова биыл Қазақстанда инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданатынын хабарлады.

Еңбекмині мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оқшаулаудың, кемсітушіліктің, инфрақұрылым қолжетімділігінің жеткіліксіздігін, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктердің, арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасының төмендігі және т.б. өзекті мәселелерді шешу үшін қолданыстағы жүйені жетілдіру және цифрландыруды барынша енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.

«Осылайша, 2024 жылы Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданады. Оның басты мақсаты – әрбір азамат дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құру», – деді Светлана Жақыпова.

Өткен жылы әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру аясында арнаулы қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау бойынша жұмыс басталды, атап айтқанда:

– арнаулы қызметтер көрсету орталықтарының бюджетін шоғырландыру;

– жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу;

– жаңа стандарттарды қабылдау және әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру.

Пилоттық жоба 2023 жылы Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында басталды.

Министрлік оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау мәселесін пысықтауда. Бірінші кезең ортопедиялық аяқ киім мен гигиеналық құралдарды монетизациялауды қарастырады.

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың алдында барлық объектілердің қолжетімділігінің интерактивті картасына енгізу және оларды халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктеріне бейімдеу жөнінде шаралар қабылдау міндеті тұр», – деп атап өтті Министр.

Оңалту іс-шараларының тиімділігін бақылау және арттыру мақсатында Оңалтудың цифрлық күнделігін әзірлеу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің, Астана медицина университетінің қолдауымен әлеуметтік және кәсіптік оңалтудың цифрлық хаттамалары әзірленді, оларды енгізу әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік саланы дамытудың бірінші ұлттық ғылыми орталығын жаңғырту шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды сәтті және тиімді оңалту мақсатында жаңа технологияларды әзірлеу жөніндегі жекелеген зертханалар жұмыс істейтін болады.

«Біз протездік-ортопедиялық саланы, есту-сөйлеуді оңалтуды трансформациялауды, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша әдіснамалық орталық құруды, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіптік стандарттарды жаңартуды көздейміз. Жоғарыда аталған барлық шараларды жаңартудың күтілетін нәтиже мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту болады», – деп түйіндеді Светлана Жақыпова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button