БастыҚоғам

2035 жылға дейін Астанада 164 мектеп пен 178 балабақша салынады

ҚР Үкіметі Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті, онда елорданың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі қадамдар белгіленген. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды, деп мәлімдеді Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Астананың негізгі қала құрылысы құжаты қоғамда кеңінен талқылаудан өтті. Онда халық санының қарқынды өсуін ескере отырып, қаланы қарқынды дамыту шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны шамамен 1,2 млн адамды құрайды, 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2,3 млн адамға жетеді деп күтілуде.

Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушылар сарайы салынады. Мұның барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.

Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 млн м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км-ге 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктің баламалы түрлерін дамытып, негізгі магистральдарда, әсіресе Есіл ауданында кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған.

Су тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метрге №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады. Бұл ретте техникалық сумен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаты тәулігіне 160 мың текше метрге дейін жететін «Тельман» сорғы стансасын кеңейту көзделген.

Жылу және электр энергиясы бойынша 3-ЖЭО-ның екінші кезегін, төрт жаңа газ жылу стансасын салу және 2-ЖЭО-ны кеңейту, сондай-ақ 110/10 кВ 14 қосалқы стансаны іске қосу жоспарланған.

Газбен жабдықтау мәселелерін шешу үшін қолданыстағы АГТС-1 және АГТС-2 автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты ұлғайтылады, сондай-ақ ұзындығы 71 мың шақырымнан асатын жаңа тармақ бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосылатын АГТС-3 салынды.

Сонымен қатар өткен жылы қосымша 2 700 гектар жер бөлінген Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жалғасады, онда, сондай-ақ қоғамдық және аула аумақтарын абаттандыру шаралары қабылданады.

2025 жылға дейінгі бас жоспарды іске асыруға барлық қаржы көздерінен тартылған инвестиция көлемі 6,3 трлн теңгені құрайды. Оның 4,3 трлн теңгесі тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар, 700 млрд теңгесі инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button