Жаңа оқу жылында елордада 27 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтып берді,
«2022-2023 оқу жылы елорда үшін табысты аяқталды. Білім сапасының көрсеткіші қала бойынша 59,7% құрады. Балалардың 98 пайызы жазғы демалыспен қамтылды. Бұл оқу жылында 9-сыныпты 18 443 оқушы тәмамдады. Ал 11-сыныпты 9 539 түлек аяқтап, ҰБТ тапсырды. Түлектер қазіргі таңда жоғарғы оқу орындарына құжат тапсырып дайындалып жатыр», – деді Қ. Сенғазыев Астана коммуникациялар орталығында өткен брифингте.
Спикер атап өткендей, алдын ала болжам бойынша жаңа оқу жылында бала саны 255 мыңға жуық болады.
Сонымен бірге, бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бала барады деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі республика бойынша 340 мың бала 1-сыныпқа қабылданғанын мәлімдеген еді.