БастыҚоғам

Жамбыл облысындағы нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 97%-ға дейін артады

Жамбыл өңірінде облыстық маңызы бар 230 шақырым жол жөнделіп, аудандық маңызы бар 59 шақырым жол реконструкцияланады. 

Бүгінгі таңда Жамбыл облысын «Алматы – Екатеринбург» тасжолымен байланыстыратын облыстық маңызы бар «Луговая станциясы – Қорағаты – Тәтті» автомобиль жолының учаскесін орташа жөндеу бойынша жоба іске асырылып жатыр. Жұмыстар жол төсемін қалпына келтіру және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді-мақсатты бағдарлама шеңберінде жүргізілуде.

Сонымен бірге бағдарлама аясында 1700 метрде қоршау орнату және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мыңға жуық дабыл бағанасы орнатылмақ. Километрлік көрсеткіштер, катафоттар мен жол буферлері халық игілігіне пайдалануга берілген.  

Орташа жөндеу жұмыстары аясында Тараз қаласы мен Жетібай, Тегістік, Ойық, Ақшолақ елді-мекендерін байланыстыратын 88 шақырым автожолда да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлігі, туризм өңірді дамытудағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы ретте ЮНЕСКО тізіміндегі ежелгі Баласағұн қаласы бағытында жол құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Әулиебастау және Берікқара туристік орындарына апаратын облыстық маңызы бар «Күйік – Қарабастау – Қаратау – Саудакент» жолының 30 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Бұдан бөлек Мерке және Жуалы аудандарының бірқатар ауылдарын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізімен байланыстыратын 23 шақырым автожолға жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жүргізілетін жұмыстардың сапасы тапсырыс берушінің, техникалық қадағалау қызметі мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның тұрақты бақылауында. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл облысындағы нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 97%-ға дейін артады деп күтілуде. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button