БастыБілім

World University Rankings – 2022 рейтингіне қазақстандық 4 университет кірді

Қазақстанда Times Higher Education беделді әлемдік университеттер рейтингіне енген университеттер саны артты. Мысалы, World University Rankings 2022 рейтингіне қазақстандық 4 университет кірді. Отандық университеттер арасында тізімде бірінші орында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, одан кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Салыстырып қарайтын болсақ, 2019 жылы беделді рейтингке тек екі қазақстандық университет кірді. Олар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ. Университеттер оқыту, зерттеу, білім беру және интернационалдандыру сияқты көрсеткіштер бойынша бағаланды.

Тағы қазақстандық 10 университет Times Higher Education Impact Rankings 2022 әлемдік рейтингіне енді. Рейтинг нәтижелерін Times Higher Education британдық басылымы жариялады. Бұл рейтинг әлемдік университеттердің ең ықпалды рейтингтерінің бірі екенін айта кеткен жөн. Салыстырмалы түрде 2019 жылы Times Higher Education Impact Rankings рейтингіне отандық екі университет ғана кірген болатын. Олар: Еуразия ұлттық университеті және Алмау.

Биыл әлемдік рейтингте үздіктер қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нархоз университеті, Almaty Management University (Алмау), Қарағанды Қазтұтынуодағы университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Сүлеймен Демирел атындағы университет бар.

Рейтинг сапалы білім, инклюзияға бағыты бойынша жұмыс, тұрақты инфрақұрылымды құру, гендерлік теңдік, қауіпсіз, өміршең орта және т.б. критерийлер негізінде жасалған.

«Министрлік қазақстандық жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ біз бұл бағытта оң өзгерістерді байқап отырмыз. Университеттер студенттердің білім сапасы олардың талаптарына сай болуы үшін жұмыс берушілермен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып жатыр. Жұмысқа көбінесе өз ісінің мамандары атанған практик мамандарды тартылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды қазірдің өзінде басқа елдердің мамандары да байқап жүр. Мұны осындай беделді халықаралық университет рейтингтерінің нәтижелері растайды. Бұған дейін QS Emerging Europe and Central Asia университеттері рейтингіне қазақстандық 31 университет енгізілген болатын. Қазір Қазақстанның 10 университеті Times Higher Education Impact Rankings 2022 рейтингіне енді. Бұл отандық университеттер әлемнің жетекші университеттерімен бәсекеге түсіп, халықаралық стандарттар мен уақыт талабына сай білім береді», – деп айтты ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова.

Times Higher Education Impact Rankings университеттерді Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес бағалайды. ЖОО рейтингі 4 көрсеткіш бойынша жүргізіледі: өзекті бағыттар бойынша зерттеулер жүргізу, ТМД негізгі факторларын басқару, университеттің аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейдегі рөлі, студенттерді тұрақты даму мақсаттарына сай тәрбиелеу.

Басқа жаңалықтар

Back to top button