Дана Нұржігіт: Ағартушылық бағыттағы телебағдарламаларды білім жүйесіне енгізу керек
Отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт ағартушылық бағыттағы телебағдарламалардың рөлі жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі қысылтаяң шақта білім беру онлайн жүйеге көшті ғой. Үйде солай бала оқытып отырып, телевизияда рейтингтен жеңіліп қалған ағартушылық бағдарламалар ойыма түсті. Осындай контентті білім бағдарламаларына енгізу керек сияқты. Бәрібір балаларға арналған жақсы бағдарламалардың көбі шаң басып жатыр. Кітапханадан кітап іздегендей мұндай дүниелерді де қазіргі заманның талабына сай айналымға қосу қажет. Сондай-ақ әр арнаның келбетін жасауымыз керек. Тұлға болатын, қоғамға сөзі өтімді журналистерді шығаруымыз керек. Телеарна сондай шеберхана бола алады. Осы мақсатта жұмыла жұмыс істеу маңызды. Сол кезде ғана білікті журналистер арқылы арнаның келбеті қалыптасады», – деді сенатор.
Сонымен қатар Дана Нұржігіт журналистердің әлеуметтік мәселесіне мән беріп, оларды баспанамен қамту туралы атап өтті.