Қазақстан зайырлы мемлекет болып саналса да, 2005 жылдан бері ең iрi екi конфессияның – мұсылман мен православиенің діни мерекелеріне, яғни Құрбан айт және Рождествоға ресми демалыс күндерi қарастырылған.
Құрбан айт мерекесінде құрбан шалу арқылы Алла жолында жомарттық танытып, айт намазын оқыған мұсылман екі дүниеде де шексіз қуанышқа, шаттыққа, бақытқа бөленеді.
Айт кезінде барша мұсылман бір-бірін мерекесімен құттықтайды, дәмді тағамдар әзірлеп, бір-бірін қонаққа шақырады, алыста тұрса бір-біріне амандық тілеп, сәлем жолдайды. Сондай-ақ, дүниеден өткен кісілердің қабірлеріне барып рухтарына Құран аяттарының сауаптарын бағыштайды. Шамаңыз жетсе, бұл күндері садақа бергеніңіз абзал.
Құрбанға қандай мал жарамайды?
Бір немесе екі көзі соқыр болса;
Мүйізінің бірі немесе екеуі де түбінен сынық болса;
Құлағының немесе құйрығының жартыдан көбі жоқ болса;
Аяғын баса алмайтындай ақсақ болса;
Туғаннан құлағы немесе құйрығы болмаса;
Тісінің көбі түсіп, қарнын тойдыра алмайтындай болса;
Ауру болса;
Сүйектерінің ішінде жілік майы жоқ, арық болса, онда мұндай малдар құрбандыққа жарамсыз болып табылады.
Бұдан басқа қораз, тауық сияқты үй жануарлары мен еті желінетін жабайы жануарлар құрбандыққа жарамайды.
Мұны да біліңіз
Малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтыңыздың сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбан етіп шалуыңызға болады. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Сонымен қатар, сиыр мен түйені жеті адам біріге отырып құрбандық етіп шалуына болады.
Құрбандығыңызды кешіктіріп алмаңыз
Құрбандық шалудың уақыты – Құрбан мерекесінің бірінші, екінші және үшінші күні. Үшінші күні күн батқан соң құрбандық шалуға болмайды. Мұны жақсы біліңіз. Құрбан малы айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Оған дейін шалынса, ол құрбан малы болып саналмайды.
Тұрар Түгелұлы, KAZISLAM