БастыЭкономика

Алматы облысы аудандарының проблемалық мәселелері тыңдалды

Амандық Баталов аудан, қала әкімдерінің 2021 жылға арналған іргелі жобалары мен жоспарлары, сондай-ақ облыс тарапынан қолдауды қажет ететін, шешімін күткен мәселелері жөніндегі хабарламаларын тыңдауды бастады. Алдымен Іле, Кеген, Райымбек, Панфилов және Ұйғыр аудандарының әкімдері сөз алды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың айтуынша, аудан биылғы жылы індетке байланысты қиындықтарға қарамастан экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсімді сақтай алды. Мәселен, өнеркәсіпте нақты көлем индексі 103% құрап, 390 млрд. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығында – 90,5 млрд.теңге немесе 102%, инвестициялар – 98,0 млрд.теңге немесе 105%құрылыс жұмыстарының көлемі – 30,3 млрд.теңге 101%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 144 мың шаршы метр немесе 103,5%.

2021 жылы 15 жаңа кәсіпорын ашып, жұмыс істеп тұрған 16 кәсіпорынның іргесін кеңейту жоспарланып отыр. Соның есебінен 70 млрд. теңге инвестиция тартылып, 700-дей жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Ал жалпы аудан экономикасына 103 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген. Ауыл шаруашылығында ет өндірісін 103,5 мың тоннаға, сүт өндірісін 58,5 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. 2021 жылы аудандағы 3 канал күрделі жөндеуден өткізілсе, бұл 1897 га жердің сумен қамтылу сапасын жақсартып, 1193 га жерді айналымға қосуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 31,0 млрд. теңгеге жеткізілмек, соның ішінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 158,5 мың шаршы метрге жеткізіледі.

Сол сияқты осы жиында үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, газдандыру, денсаулық, мәдениет салаларының объектілерін жөндеу және басқа да маңызды мәселелер сөз болды.

Бұл ретте облыс әкімі Амандық Баталов ең алдымен «Жетісу қой» жобасын жүзеге асырудың барысы жайлы сұрады. Жоба алдағы жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтындықтан оған қажетті инженерлік-инфрақұрылымдар жүргізу ісін жеделдету керектігін айтты.

– Мұндай іргелі жобаларға қатысты жұмыстарды тиісті басқарма да, жергілікті аудан да бес саусақтай білуі керек. Инфрақұрылымдардың қайсысы «Бизнестің жол картасы» арқылы атқарылады, қайсысына қосымша қаражат қажет болады, соның бәрін нақтылап, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Жалпы Іле ауданында өнеркәсіп өндірісінің әлеуеті өте үлкен. Өзі Алматымен іргелес орналасқан өңір. Сондықтан ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызы ерекше, – деді А. Баталов.

Мұнан соң Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов өзі жетекшілік ететін ауданның алдағы жоспарлары мен түйінді мәселелері туралы баяндады. Оның айтуынша, 10 ауылда мал қорымдарын салудың ЖСҚ-сын әзірлеуге, ауданда 56 тұрғын үйдің құрылысы мен инженерлік коммуникациялық желілерін тартуға, бірнеше каналдарды жөндеуге қолдау қажет. Сол сияқты аудан әкімі Жалаңаш ауылдық ауруханасы күрделі жөндеуден өткізілсе, осы ғимаратта оңалту орталығын ашуға да ниеттері бар екенін айтты. Және бұл ауылдық аурухана болашақта Саты, Көлсай аумақтарына келетін туристерге де қызмет көрсететін нысан болады.

Амандық Баталов аудан басшылығының қаржылай қолдауды қажет ететін ұсыныстарына қатысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті тапсырмалар беріп, ауданның туризмді дамытуға қатысты мәселеге әлі де толық дендеп кіріспегенін ескертті.

– Кегеннің ауыл шаруашылығынан кейінгі екінші қуатты драйвері – туризм. Бірақ ауданның келесі жылғы іргелі жұмыстарының қатарынан туризмге қатысты істерін көріп отырған жоқпын. Жұмыстар жасалмай жатқан жоқ, оның нақты жоба-жоспарлары түгелдей туризм басқармасында бар. Бірақ сол жұмыстарды басқарма мен аудан бірігіп атқаруы керек. Сондықтан, аудан әкімдігі, туризм бойынша жобаларыңды түгелдей қайта қарап, маған Кеген өңірінде турзимді дамытудың толық жоспарын әзірлеп, әкеліп таныстыратын боласыңдар – деді А.Баталов.

Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергеновтің баяндамасында ауылдық елді мекендердің жалпы 45 шақырымдық көше жолдарын жөндеуге, ауыз су жүйелерін қайта жаңғыртуға және құрылысын жүргізуге, 4 ауылға жарықтандыру мен абаттандыруға, сол сияқты әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржылай көмек қажеттігі айтылды. Сол қатарда жалпы аудан бойынша 8 шаруашылық аралық каналдарды күрделі жөндеуге ЖСҚ жасалған. Соның ішінде ұзындығы 22 шақырымдық «Дараты» каналы аса өзекті болып отыр. Суғармалы жер көлемі 2114 гектар болғанымен, оның 800 гектарына ғана су барады. Аудан әкімі оның жобалық құны 700 млн. теңгеге жуық екенін айтты. Келесі жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Қарасаз ауылындағы өнер мектебін қайта салу, осы ауылдағы Барманбекұлы атындағы мектепті жөндеу, елді мекенді абаттандыру шараларына қаржы қарастыруды сұрады. Сол сияқты Нарынқолда ақынның ескерткішін қойып, оның маңайын абаттандыру да жоспарда бар.

Облыс әкімі А. Баталов жаңадан құрылған ауданның одан әрі дамуына бұдан әрі де жағдай жасалатынын тілге тиек етіп, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына тыңғылықты дайындық жасау керектігін айтты.

–  Ақынның тойына жан-жақтан келген көпшілік Райымбек ауданының екі жыл ішінде қалай өсіп-өркендегенін де көріп қайтады. Сондықтан Қарасаз ауылында қандай нысандарды жөндеу керек, қандай көркейту жұмыстары жүргізілуі керек, мерейтой қалай өткізіледі, барлығын түгелдей қамтып, толыққанды жоспар жасап әкеліп көрсетіңдер, – деді ауданмен қатар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына да қарата. Сол сияқты ауданда ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылғанымен, өңдеу өнеркәсібінің жоқтығын еске салып, тұрғындарға микрокредиттер беру, шағын цехтар ашу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Ал Панфилов ауданында 2021 жылы жалпы құны 40, 0 млрд. теңге инвестиция тартып, 1696 жұмыс орнын құратын бірқатар жобалар іске асырылғалы отыр. Соның ішінде «AL SUT» ЖШС-ның 2400 бас ірі қараға арналған сүт фермасы, «КАЗСАТ НҰР» ЖШС-ның сүт өндіретін «Ақылды ферма» жобасы, «Құралай» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы, «Аннар» ЖШС-ның жел электр стансасының құрылысы және басқа да маңызды жобалар бар. Аудан әкімінің бірінші орынбасары Шухрат Құрбановтың айтуынша келесі жылы Көктал-Арасан ауылындағы Барахудзир өзенінің жағалауын қалпына келтіру, Тышқан өзенінің жағалауын бекіту, Жаркент қаласында мал қорымының құрылысын жүргізу, Хамраев және Жамбыл атындағы орта мектептердің ғимараттарын табиғи газға қосу және басқа да бірқатар істер жоспарланып отыр және бұл жұмыстар тиісті қаржы бөлуді қажет етеді. Соның ішінде әнші, композитор Дәнеш Рақышевтің 95 жылдығына орай аудандағы өнер мектебіне күрделі жөндеу мен музыкалық аспаптар алу да көзделіп отыр.

Облыс әкімі Амандық Баталов сөз болған шешімін күткен мәселелерге қатысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ аудан мен облыстық мәдениет басқармасының Дәнеш Рақышевтің мерейтойына байланысты бөлек жоспар дайындап әкелуі қажеттігін ескертті.

Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов та сөзін бірден келесі жылдың жоспарлары жайлы айтудан бастап, облыс тарапынан қолдауды қажет ететін мәселелерді де атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, «Прима құс» ЖШС-ның құс етін өңдейтін фабрикасының құрылысын жүргізу – 2021 жылға арналған аса ірі жобалардың қатарында. Фабрикаға дейінгі тартылуы тиіс сыртқы инженерлік инфрақұрылымдардың, соның ішінде электр желілері, газ және кәріз жүйелері, темір жол тұйығы және басқа да қажеттіліктерді тартудың құны шамамен 2 млрд. теңгеден асады. Сол сияқты ауданда жүгері шаруашылығын дамытуға арналған сервистік-дайындау орталығын құруға қажеттілік туындаған. Оған қоса жиында суару жүйелерін қалпына келтіру, туризмді дамытуға қажетті инфрақұрылымдарды жақсарту, тұрғын үй құрылысы сияқты бірқатар мәселелер туралы да айтылды.

Облыс басшысы А. Баталов Ұйғыр ауданының жері тегіс, климаты қолайлы, яғни ауданды дамытуға табиғи жағынан мүмкіндік мол екенін атап өтті.

– Соңғы жылдары Ұйғыр ауданында бақ өсіру жақсы жолға қойыла бастады. Оған климат жағдайы да жақсы мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан суару жүйелерін қалпына келтіруді әлі де жалғастырамыз. Туризм бағытын да ұмытпау керек. Оған қажетті жол, басқа да инфрақұрылымды жүргіземіз. Бірақ туристік нысандар салғанда қарадүрсін, қалай болса солай емес, еуропалық стандарттарға сай болатындай сәулеттік келбетте жасау керек. Ауданды дамыту бағытында алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда береке-бірлікпен жұмыс істеңдер, – деді А. Баталов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button