Әскери бөлімнен қарумен қашып кеткен кіші сержант ұсталды

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында кіші сержантты ұстау операциясы аяқталған.

ІІМ мен ҰҚК қызметкерлерінен құрылған арнайы жедел топ 20 ақпанда өз еркімен әскери бөлімді тастап, атыс қаруын алып кеткен 1995 жылғы Балғынбай Абылай Бағдатұлын құрықтаған.

Қазір бұл оқиғаға байланысты қаруды ұрлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 291 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Әскеридің әрекетіне қатысты өзге ақпараттар әзірге айтылмады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласына жақын жердегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің бірінен келісім шарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшінің өз еркімен кетіп қалғаны хабарланған.

Дәл сол уақытта қаруды сақтау бөлмесінде атыс қаруының белгілі бір санының жетіспеушілігі анықталған.

Бұдан кейін аймақта әскериді «Ұстау» операциясы жарияланды.

Құқық қорғау органдары мен әскери полиция күштері әскери қызметші мен жоғалған қаруды іздеу және ұстау бойынша барлық қажетті жедел-іздестіру, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды бастаған болатын.