Қазақстанда электрондық коммерцияны дамыту жоспарланып отыр

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен АХҚО Финтех хабы Қазақстанда электрондық коммерцияны дамытуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kaznovosti.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

2020 жылғы 18 тамызда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі (ҚР СИМ) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының Финтех хабы (АХҚО) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Бұл серіктестік қаржылық қызметтер индустриясы мен электрондық коммерцияны дамытуға ықпал етеді.

Атап айтқанда, тараптар шағын және орта бизнес (ШОБ), бизнес-субъектілер, кәсіпкерлер, АТ-мамандар мен студенттер үшін онлайн және офлайн-форматтарда практикалық семинарлар, воркшоптар, дәрістер, конференциялар мен хакатондар өткізуді жоспарлап отыр.

ҚР СИМ атап өткендей, пандемия кезінде қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу саны екі есеге — 7 миллионнан 14 миллионға дейін өсті, қазақстандықтар азық-түлік, дәрі-дәрмек және киім-кешекті онлайн сатып ала бастады. Осыған байланысты, Тараптар ынтымақтастығының негізгі міндеті кәсіпкерлерді бизнесті Интернет желісінде көшіруге және жүргізуге оқыту болып табылады.

Меморандумға сәйкес, ҚР СИМ цифрлық төлемдер мен инновациялық төлем шешімдері саласындағы әлемдік көшбасшы Visa компаниясының мамандары, АХҚО және АХҚО Финтех Хабының мамандары дайындаған #ӨзіңдікілердіҚолда шағын, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері үшін тегін онлайн білім беру бағдарламасына қолдау көрсетеді.

Кәсіпкерлердің интернет-технологиялар, электрондық коммерция және қолма-қол ақшасыз электрондық төлемдер туралы хабардар болу деңгейін арттыру үшін әзірленген Visa#ӨзіңдікілердіҚолда жаһандық бастамасы шеңберінде іске асырылатын микро, шағын және орта бизнеске арналған білім беру онлайн-бағдарламасына электрондық коммерция, маркетинг, онлайн-ілгерілету, маркетплейстердегі сату, төлем жүйелері, интернет-эквайринг және басқа да салалардағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысады. Бағдарлама жаңа шындыққа бейімделуде және бизнесті онлайн-форматқа көшіруде шағын бизнеске әр түрлі бағыттарда көмектесуге бағытталған.

#ӨзіңдікілердіҚолда жаһандық бастамасы шеңберіндегі білім беру бағдарламасы Atameken Academy платформасында бейне сабақтар форматында жүзеге асырылды. Белсенді тыңдаушыларға онлайн-оқыту курсынан өткендігі туралы сертификаттар беріледі.