Аймағамбетов: Жоғары оқу орындарына оқу құнын көтермеу туралы ұсыныс жасадым

ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары білім ақысын қымбаттатпау туралы жоғарғы оқу орындарына ұсыныс жасады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

«Қазіргі уақытта БҒМ мен жоғары оқу орындарының міндеті – білім беру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, білім алушыларға қаржылық жүктемені азайту болып отыр. Мен қазірдің өзінде жоғары оқу орындарына оқу құнын көтермеу туралы ұсыныс жасадым, бірақ бұл үшін жоғары оқу орындарына да жағдай жасау керек. Осыған байланысты дағдарысқа қарсы шаралар пакетін ұсынамыз», – деп жазды министр Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында.

Ең алдымен, ЖОО-ның ақылы негізде бір білім алушыға ең төменгі шығындарының және грант құнының арақатынасы бойынша талапты жою ұсынылды. Мемлекеттік грант мөлшерін арттыру жағдайында бұл талап жоғары оқу орындарының баға саясатын ақтауға айналмауы керек.

Оған қоса, даярлаудың практикаға бағытталған салалары үшін ғылыми дәреженің міндетті болуы мен штатта жұмыс істеу талаптары жойылады.

«Оқытушылар санының студенттер санына қатынасы туралы талапты жою керек. Білім беруді дамытудың жаңа жағдайларында бұл талап өзекті болмайды. Төртіншіден, қорытынды бақылау жүргізу формасы бойынша талап күшін жойылады. Қаржы, Бухгалтерлік есеп, IT, Мейрамхана ісі сияқты салаларда оқу нәтижелеріне қол жеткізу тезиспен емес, нақты практикалық жұмыс дағдылары, демонстрациялық емтихандар немесе жобалар арқылы расталады. Бұл кейбір университеттердегі құр белгі үшін жазылған курстық жұмыстарға да қатысты», – дейді А. Аймағамбетов.

Сондай-ақ, пандемия кезеңінде оқу бітірген соң, бір жылда жұмысқа орналасу туралы талап талдау кезінде ғана ескерілетін болады.

«Одан бөлек, енді біз түлектерді жұмысқа орналастыруды ғана емес, осы түлектердің жаңа жұмыс орындарын ашуын да ескеретін боламыз. Алтыншы ұсыныс, ЖОО иеленуі тиіс материалдық активтердің түрлері бойынша талаптарды қайта қарау керек. Ең бастысы – актив түрлері емес, білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін жағдай жасалуы керек», – деді А. Аймағамбетов.

Бұған дейін Білім министрі қашықтан немесе аралас оқу түрін таңдау мүмкіндігін енгізуді, – білім беруге бизнес пен өндіріс өкілдерін, шетелден ұстаздарды тартуды ұсынған еді.