Шымкентте жаңадан 13 білім нысаны салынып жатыр

Шымкентте жаңадан 13 білім нысаны салынып жатыр. Карантиндік шектеулерге қарамастан құрылысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандар кестеге сай салынуда, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 7020 орындық 13 мектептің құрылысына қазынадан 8,4 миллиард теңге бөлінген. Олардың 9-ның құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Өзге мектептер келесі жылға өтпелі. Ағымдағы жылы тапсырылатын білім ошақтарының қатарында 1 мың 200 және 300 оқушыға лайықталған 8 жалпы білім ордасы бар. Ал, тоғызыншы нысан өнер мектебі болып ашылады.

«5 мектеп 1200 орындық болып салынуда. Бұл нысандар Самал-3, Асар-2 шағын ауданында орналасқан. Тағы бір мектеп және 300 орындық №23, №101 мектептер тамыз айында тапсырылады. 300 орындық №17, №63 және №84 мектептер жыл аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, Бекет батыр-Ташенов көшелерінің қиылысында орналасқан 1 өнер мектебінің құрылысы биыл аяқталмақ. Қалған 1920 орындық 4 мектеп құрылысы келесі жылға өтпелі. Жалпы нысандардың құрылысына 620 жұмысшы жұмылдырылған» делінген әкімдіктің хабарламасында.