Семейдің Қарағайлы ықшам ауданында шет елдік инвестиция есебінен заманауи тұрғын үй кешені салынады

Бүгін Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында көппәтерлі тұрғын үйлер салу жөніндегі инвестициялық жобаның таныстырылымы өтіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли аталған жобаның Семей қаласының дамуына серпін беріп, қалаға жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біз бүгін Семей қаласын одан әрі дамыту үшін өте маңызды инвестициялық жобалардың бірін бастағалы отырмыз. Қазіргі таңда Семей қаласы дамудың жаңа кезеңінде. Біздің алдымызда қаланың ағымдағы мәселелерін шешумен қатар, оның ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасау – жаңа аумақтарды игеру, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, инвестициялар тарту және заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру міндеті тұр. Осындай дамудың перспективалы бағыттарының бірі – Қарағайлы ықшам ауданы. Өздеріңіз білесіздер, Қарағайлы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Тұрғын үйлер, әлеуметтік, спорттық нысандар, қоғамдық кеңістіктер салынып жатыр. Былтыр Республика алаңы ашылды, жақында БИНОМ мектебі мен инклюзивті спорт кешенінің құрылысы басталды. Қарағайлының тұрғындары да жыл сайын көбейіп келеді. Сол себепті халыққа осындай заманауи үлгідегі, жайлы, барлық талаптарға сай тұрғын үйлер қажет. Жоба «Cornerstone Construction» ЖШС мен «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бірлесуімен Абай облысы әкімдігінің қолдауымен іске асырылуда. Жобаның 100 пайыз тікелей шет елдік инвестициялар есебінен қаржыландырылатыны ерекше маңызды. Бұл жай ғана кезекті тұрғын үй алабын салу емес, бұл – шет елдіктердің бірлесуімен жүзеге асырылып жатқан алғашқы заманауи, «комфорт +» бағытындағы тұрғын үй кешендерінің желісі. Инвесторлардың біздің өңіріміз бен Семей қаласының әлеуетін көріп, оның дамуына қаржы салуға дайын екендігінің нақты көрсеткіші. Абай облысы мен Семей қаласына білдірген сенімдері үшін инвесторларға, сондай-ақ, осы жобаны іске асыруға атсалысып жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Жалпы құны 100 миллион АҚШ доллары болатын жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қарағайлы ықшам ауданындағы 9,5 гектар аумақты қамтиды. Мұнда қажетті инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар заманауи тұрғын үй орамын салу жоспарланып отыр.

Жобаның негізгі көрсеткіштеріне сәйкес, жалпы ауданы шамамен 198,6 мың шаршы метр болатын 12 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтереді. Барлығы 2 112 пәтер қарастырылған. Сонымен қатар 1 771 автокөлікке арналған тұрақ орны салынып, аумақтың 35 пайызы көгалдандырылады. Субұрқағы бар саябақ аймағы мен «автокөліксіз аула» тұжырымдамасын іске асыру жоспарланған.

Тұрғындарға қажетті әлеуметтік және коммерциялық нысандар да қарастырылады. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарындағы жалпы ауданы 7,3 мың шаршы метр болатын коммерциялық үй-жайлар, жеке балабақша және дамыту-оқыту орталығы орналастырылады. Сондай-ақ, заманауи Smart City жүйесін енгізу жоспарланып, нысандарда Face ID технологиясын қолдану көзделген.

Шара барысында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхтар Әлімханұлы мен «Cornerstone Construction» ЖШС директоры Liu Binsheng Семей қаласының Қарағайлы шағынауданында тұрғын үй кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.