АШМ: 2027 жылғы өнімге қажетті тұқым қорының 90%-ы дайындалды

Қазақстанда егін жинаумен қатар келесі жылғы өнімінің негізін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы.

«2027 жылғы өнімге қажеттілік 2,3 млн тонна тұқымды құрайды. Бүгінгі таңда әкімдіктердің мәліметтері бойынша 2 млн тонна немесе қажеттіліктің 90%-ы дайындалды», — деді Азат Сұлтанов.

Сонымен қатар тыңайтқыштарды қолдану арқылы жер жырту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,8 млн тонна тыңайтқыш енгізілді, бұл ғылыми норманың  58%-ы. Осы жылы тыңайтқыш енгізу көлемі 2,3 млн тонна деңгейде жоспарланған. Бүгінде оның 2,1 млн тоннасы немесе ғылыми норманың 66%-ы енгізілді.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар топырақтың сапалық құрамын бақылауға және өнімділікті болжауға мүмкіндік беретін Жер ресурстарын басқарудың ақпараттық жүйесі әзірленуде.