Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды: іздестіру операциясы аяқталды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын хабарлайды.

Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды, – делінген ресми хабарламада.

Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.