
Қазақстанда пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңнама талаптары сақталмай берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды айналымға енгізу бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Жылдық жоспар 1 млн гектар болған, 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
Осы салада жүргізілген жұмыстың қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов толық мәлімет берді.
«Мәселе жерді мемлекетке қайтарумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – қайтарылған жерлерді одан әрі тиімді пайдалану, олардан нақты нәтиже алу және, ең алдымен, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету», – деді Мұрат Теміржанов.
Жер ресурстарының пайдаланылуына бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Биыл аумақтық бөлімшелер ауданы 1 млн гектардан асатын жерлерде мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде жер пайдаланушыларға жалпы аумағы 884 мың гектар жердегі бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді. Ал тағы 211 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қоюға қатысты материалдар сот органдарының қарауында.
Бұл ретте жылдық жоспардың орындалуы бақылау іс-шаралары тоқтатылатынын білдірмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жерді пайдалану талаптарының бұзылуын анықтау жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар қайтарылған жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылғы қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша қайта бөлінген жер көлемі 13,5 млн гектарға жетті. Оның 5,5 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілсе, 8 млн гектары агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне конкурстық негізде берілді.
Ауданы 10 мыңнан 50 мың гектарға дейінгі ірі жер алқаптарын тиімді шаруашылық айналымына енгізуге ерекше назар аударылуда. Бұл ауылдық жерлерде жаңа, оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Сонымен бірге мемлекет өз шаруашылығын дамытуға инвестиция салатын аграрлық сала өкілдерінің құқықтарын қорғауды күшейтуде. Арнайы құрылған жұмыс тобы мен бекітілген әдістемелік ұсынымдар фермерлердің адалдығын бағалаудың нақты жүйесін қалыптастырды, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін белгіледі және жер пайдалану құқығын ұзарту тәртібін жеңілдетті.
Топырақты қорғау саласында да маңызды өзгерістер енгізілуде. 2026 жылғы шілдеде «Топырақты қорғау туралы» Заң күшіне енді. Құжатта жердің құнарлылығын сақтауға басымдық беріліп, жер пайдаланушылардың жауапкершілігі күшейтілді.
Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын қалыптастыру аясында биыл 7 млн гектар аумақта топырақ зерттеулері, 7,5 млн гектарда геоботаникалық зерттеулер және 4 млн гектарда агрохимиялық зерттеулер жүргізілді. Ал жерді бағалаудың цифрлық материалдарымен 53,5 млн гектар аумақ қамтылды. Зерттеу нәтижесінде қалпына келтіру шараларын қажет ететін 2,7 млн гектар деградацияға ұшыраған жер анықталды.
Алдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу тетігі толығымен электрондық форматқа көшіріледі.
«Электрондық конкурстар өткізу адам факторын болдырмауға және жер комиссияларының институционалдық жұмысынан бас тартуға мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық жүйені техникалық тестілеу және оның функционалдық мүмкіндіктерін бағалау заң нормалары ресми түрде күшіне енгенге дейін Ақмола облысы мен Жетісу облысының аумағында пилоттық жоба аясында жүргізіледі», – деді Мұрат Теміржанов.
Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге қатысты мораторийдің мерзімі аяқталуына байланысты оны 2031 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін түзетулер әзірленді.
Мұрат Теміржанов жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатаң сәйкес жалғасатынын атап өтті. Бұл жұмыс жерді әділ әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, жер ресурстарын сақтауға, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.