Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда екі күрделі жатырішілік емшара жүргізді

Қазақстандық мамандар Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде Бішкек қаласындағы Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығының базасында екі күрделі жатырішілік емшара жүргізіп, қырғызстандық акушер-гинекологтармен практикалық тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Астанадағы UMC Ана мен бала орталығының «Ұрық медицинасы» бағдарламасының жетекшісі, акушер-гинеколог Гүлмира Мағзұмованың жетекшілігімен қазақстандық мамандар әлі дүниеге келмеген екі балаға жатырішілік қан құю емшарасын жүргізді.

Бұл – ұрықтың ауыр анемиясы кезінде қолданылатын жоғары технологиялық медициналық емшара. Мұндай жағдай, атап айтқанда, ана мен ұрық арасындағы резус-қайшылық кезінде туындауы мүмкін. Бұл кезде ана ағзасында түзілген антиденелер баланың эритроциттеріне әсер етеді. Заманауи технологиялар жүктілік кезеңінде-ақ қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Біз үшін Қазақстанда заманауи технологияларды қолдану ғана емес, жинақталған клиникалық тәжірибемізбен әріптестерімізбен бөлісу де маңызды. Мұндай бірлескен шеберлік сабақтары елдеріміз арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ана мен баланың денсаулығы үшін мамандардың практикалық білім алмасуына мүмкіндік береді», – деді Гүлмира Мағзұмова.

Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде қазақстандық дәрігерлер консультациялар өткізіп, пациенттерді қабылдауда, қырғызстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, отандық медицинаның заманауи тәсілдерін таныстыруда.