Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі 15,69%-ға дейін төмендеді

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында көлеңкелі экономикаға және бағалы металдардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

Қатысушылар көлеңкелі айналымды қысқарту, экономикалық процестерді цифрландыру және кейбір салада бақылауды күшейту жұмыстарының нәтижесін қарады. Зергерлік нарықтағы жағдайға және оны одан әрі заңдастыру жөніндегі ұсыныстарға да назар аударылды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, соңғы бес жылда көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында 24 нормативтік құқықтық акт қабылданып, 20 ақпараттық жүйе жаңғыртылған. ЖІӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі 2023 жылғы 17,58%-дан 2025 жылы 15,69%-ға дейін немесе 1,89 пайыздық тармаққа төмендеді.

Көлеңкелі айналымды қысқартудың негізгі құралының бірі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді цифрландыру және интеграциялау болып қала береді. «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулін, өсімдік шаруашылығындағы қадағалаудың цифрлық жүйесін, ТАІЖ және БАБЖ-ны «KEDEN» жүйесімен интеграциялау секілді ауыл шаруашылығында өнімнің қозғалысын өтпелі бақылау құралдары енгізілуде. Мұнай-газ секторында және энергетикада МӨЗ-де шикізат балансын есепке алу аспаптары орнатылып, ЖЖМ бойынша талдамалық витриналар қалыптастырылады. Резервуарларды есептеу құралдарымен жарақтандыруды қарастыратын түзетулер дайындалған. Саудада шетелдік рұқсат бланкілері цифрландырылып, навигациялық пломбалар қолданылады. Тауарларды таңбалау және каталогтау кеңейтіліп, Digital bazaar жүйесі әзірленуде.

Құрылыс саласын цифрландыру жалғасуда. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының есебі жүргізіледі. Биыл Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы мен жасанды интеллект көмегімен жобаларды тексеретін пилоттық жоба іске қосылды. Тағы бір мәселе – өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қызметін заңдастыру. Мемлекеттік кірістер комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 45 интернет-платформа интеграциясын аяқтады. МКК ақпараттық жүйесінде жаңа мәртебеде алғаш рет 774,2 мың экономикалық белсенді азамат тіркелді. Бүгінгі күні барлығы 922,5 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ресми тіркелсе, оның 94%-ы интернет-платформа арқылы жұмыс істейді. Олар қазірдің өзінде 9,9 млрд теңге әлеуметтік төлем төлеген.

Сондай-ақ кеңесте көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі Қаржы мониторингі агенттігінің жұмыс нәтижесі қаралды. Тағы бір бағыт зергерлік нарыққа және бағалы металл айналымын заңдастыруға арналды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша зергерлік бұйымдардың ішкі нарығының көлемі шамамен $168 млн-ды құрап, 3,4%-ға ұлғайды. Бұл ретте өндіріс 31%-ға $7,2 млн-ға дейін өсті, экспорт $65,4 млн-ды құрады.

Нарыққа қатысушылардың бағалауы бойынша, зергерлік бұйымдар айналымының едәуір бөлігі әлі де көлеңкеде. 2025 жылы ломбардтар «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ға өңдеуге бір жыл бұрынғы 3,8 тоннаға қарағанда 3,2 тоннаға жуық бағалы металл сынықтары мен қалдықтарын берген. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, аффинаждық субъектілерге сынықтар мен қалдықтарды міндетті түрде тапсыру, сондай-ақ оларды қабылдау және өткізу қағидасын жетілдіруді пысықтау ұсынылды.

Серік Жұманғарин зергерлердің заңды жұмысы үшін жағдай жасау және оларды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Зергер – бұл нағыз өнер иесі. Олардың кәсібі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Біздегі ірі зергерлік орталықтарды сақтап, оны заңды салаға барынша жеткізу маңызды. Оның ішінде зергерлердің заңды алтын көзіне қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Жұмыс үшін ашық жағдай жасау саланы заңдастырудың негізгі қадамының бірі болмақ», — деді Серік Жұманғарин.

Тағы бір мәселе – зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалау. 2024 жылы зергерлік бұйымдарды таңбалауға нарықтың 45 субъектісі ұсынса, 2025 жылы олардың саны 959-ға жетті. Бұл ретте зергерлік бұйыммен жұмыс істейтін салық төлеушілердің жалпы саны 3 520. Осылайша, өткен жылы субъектілердің шамамен 27%-ы міндетті таңбалаудан өтті. Жоғары тәуекел субъектілерін анықтау және тиісті бақылау іс-шарасын, оның ішінде қайта өңделген зергерлік бұйымдарды айналымға қайта енгізу мәселесін КРМК-мен бірлесіп жүргізу ұсынылды.

Кеңес соңында Серік Жұманғарин Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді және көлеңкелі схемаларды анықтау жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ бағалы металл айналымы мен зергерлік нарықты реттеуді жетілдіру ұсыныстарын пысықтау тапсырылды.