Бір алтын, екі күміс, бір қола: Қазақстан құсбегілерінің Көшпенділер ойындарындағы нәтижесі

Әлемнің үздік құсбегілері бас қосқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы үш бағыт бойынша да жеңіс тұғырынан көрінді. Ұлттық құрама халықаралық бәсекеде бір алтын, екі күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізді

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуде. Ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде дәріптейтін ауқымды додаға әлемнің 113 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, түрлі спорт түрлері бойынша сынға түсті. Ойын бағдарламасындағы құсбегілік бәсекелерінде де халықаралық бәсеке жоғары болды.

Бүркіт, ителгі және қаршыға салудан 10-нан астам мемлекеттен келген құсбегілер жүлделі орындарды сарапқа салды.

Құрама сапындағы ең жоғары нәтижеге Серікболсын Жалғасұлы қол жеткізді. «Қаршыға салудан» сынға түскен ол қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді.

«Бүркіт салудан» Арман Қошқаров үздіктер қатарынан көрінді. Ол жарысты екінші орынмен аяқтап, күміс жүлдеге қол жеткізді.

«Ителгі салу» бәсекесінде Қазақстан құрамасының бірден екі спортшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Бақдәулет Бабажан екінші орынды иеленсе, Ерлан Кенжетаев үшінші нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, бұл сайыста ұлттық құрама қоржыны тағы бір күміс және бір қола жүлдемен толықты.

Осындай халықаралық бәсеке спортшылар үшін тәжірибе шыңдайтын үлкен мектеп қана емес, ұлттық спорттың бәсекелік деңгейін арттырып, құсбегіліктің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.

Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.